4 тіл білетін 24 жастағы қазақстандық қыз Камбоджиде құлдықта отыр (ВИДЕО)
Бойжеткен Қытайдағы оқуын бітіріп, отбасына ақшалай көмектесу үшін сол елге жұмысқа кеткен.
24 жастағы Алматы облысының тумасы 4 ай бұрын Гуанчжоудағы университетті бітірген. Дипломын алған тұста оған айына 5 мың АҚШ доллары төленетін, жатын жайы берілетін, ұшып барып-қайту билеті төленетін жұмыс ұсынылған. Ол жарты жылға келісім жасаған. Бірден Камбоджиге барады. Басында таныстырылған айлығы жоғары, жайлы жұмыстың орнына «Құл иеленушілердің» қолына өзі түскен.
Қазір қыздың құжаттарын жұмыс беруші алып қойған. Басында жұмысы өзі ойлағандай болыпты. Аз уақыт өткенде тапсырма көбейе берген. Ол бас тартып, жұмыстан шыққысы келетінін айтқанда жұмыс берушілер қысым жасай бастаған. Алдымен құжатын алып белгілі бір аумақтан шығуына тыйым салған, дауыс көтерген. Артынша қол көтеріп, төсек-орын жоқ жерге қамап қойған.
4 күн бұрын қыз өзін қорлағандарға шыдамай полиция шақырған. Алайда тәртіп сақшылары оның өзін қорқытыпты.
«Оны алып барған компания полицияны сатып алған. Полиция қорғансыз қызды қорқытып, қазір еш айыпсыз қамауда ұстап отыр. Құрбым тіпті қалтасына күдікті зат салып, өзін қамап тастайды ма деп қорқады. Қазір ол еденде ұйықтап жүр. Не тамақ, не су бермейді екен. Тамақ сұраса полиция одан ақша талап етеді екен. Ақшасын берген кезде не тамақ бермеген, не ақшасын қайтармаған. Ол қазір соңғы 2000 бат ақшасын тығып ұстап отыр. Біз онымен байланыса алмай қаламыз ба деп қорқудамыз. Сыртқы істер министрлігі араласып, құрбымды құтқаруын сұраймыз»,-дейді Ханшайым есімді қыз ztb.kz журналистеріне берген ақпаратында.