Қоғам

“Бір үйдің жалғыз қызы еді”: белгілі блогер 6 қабаттан секіріп кеткен келіншек туралы айтты (ВИДЕО)

Неге 21 жасар қаршадай қыз осындай азапты тағдыр кешу керек?!

Белгілі блогер Ұлпан Жеңісқызы 6 қабаттан секіріп кеткен келіншектің өзінің шәкірті екенін айтып, желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Ол марқұмның өзінің шәкірті болғанын және бір үйдің жалғыз қызы екенін айтты. 

«Ажар, шәкіртім, қош бол! Жалған өмір-ай. Өз басым «Қыз жарт жұрттық», «Еті сенікі, сүйегі біздікі» дегенмен келіспеймін. Бұрынғы замандағыдай 10-12-ден топырлатып бала тумағаннан кейін қыз балаға ерекше бас көз болу керек. Ажар бір үйдің жалғыз түйір қызы еді. Гүлжан тәтем мен Тәуекел ағама қайғырып көңіл айтамын. Сот әділ өтетініне сенемін», – деп жазды ол.

Айтуынша, шәкіртінің болашағынан зор үміт күткен. 

«Ажар менің командамда 2,5-3 жылдай жұмыс істеді. Өте пысық, дарынды қыз. Бетті керемет әрлейтін. Қасымда біраз жыл жүруін қалағанымда ұзатылып кетті. Тұрмыс құрғаннан кейін жиі хабарласа да алмадық. Бүгін әлеуметтік желідегі жаңалықты көрген Шалғын «қарашы, Ажарға ұқсай ма?!» дегеннен кейін назар аударғанда төбемнен жай түскендей болды. Неге 21 жасар қаршадай қыз осындай азапты тағдыр кешу керек?!» – деп түйіндеді ойын блогер.