"Дедовщина","Жазалау": Сарыағаш медресесінде балалар құқығы тапталып жатқаны айтылды
Былтыр бірнеше ата-ана баласын Сарыағаш медресесінен шығарып, Астана мен Алматы жақтағы медресеге апарып тапсырған
Аты шу болған Сарыағаш медресесіне қатысты тағы бір мәлімет пайда болды. Бұл туралы журналист Ораз Әлімбеков желідегі парақшасына жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның жазуынша, медреседе «дедовщина» бар көрінеді. Білім алып жатқан шәкірттер аймақ-аймаққа бөлінген екен.
«Мен осы мәліметтің ақ-қарасын анықтау үшін мүфтият маңындағы құпия дереккөзіме және медреседе оқыған бір баланың әкесіне хабарластым. Олардың екеуі де медреседе «дедовщина» барын растады. Шәкірттер аймақ-аймаққа бөлінген. Оңтүстіктің тобы медреседе басымдылыққа ие. Олар батыс өңірден оқуға келген шәкірттерге қатты қысым көрсетеді екен. Жатақханада берілетін тамақ нашар, дәмсіз. «Пәшти балалар күніне үш мезгіл таңертең дайындалған палауды жейді. Палаудан еттің түйіршігін табу қиын. Дәмсіз палаудан әбден ығыры шықты балалардың» деді аты жөнін атамауды өтінген әке. Былтыр бірнеше ата-ана баласын Сарыағаш медресесінен шығарып, Астана мен Алматы жақтағы медресеге апарып тапсырған. Олардың ішінде имамдардың да баласы бар», - деп жазады журналист.
Бұдан басқа таң намазына тұра алмай қалған балалар жазаланатын көрінеді. Ораз Әлімбек бұл жағдайға қатысты балалар құқығын қорғайтын мемлекеттік органдардың медресенің жұмысына шара қолдануын ұсынды.
«Дереккөздің айтуынша, жас балаларды жұмыс істеуге мәжбүрлеу және қысымға ұшырату медресе ұстаздарының тәрбиелік уағызынан туындап жатыр. Ұстаздар үнемі «таң намазына тұрмай ұйықтап қалған баланың құлағына шайтан сиіп кетеді» дегенге саятын уағызды үдетті. «Сол уағыз-насихатты тыңдамайтын балаларды кейде тәрбиешілер, кейде ересек старостылар жазалайды. Бұл «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсілге сәйкес медресенің тәрбиесі» деді дереккөз.
Әрине, Сарыағаш медресесіндегі былық-шылықты, балалар құқығының аяқасты болуы жөніндегі әңгімені айтып тауыса алмаспын. Сондықтан балалар құқығын қорғайтын мемлекеттік органдар Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен комиссия құрып, Сарыағаш медресесінде болып жатқан келеңсіздіктің ақ-қарасын анықтап, тиісті шара қолдануы қажет», - дейді ол.