Басты жаңалықтар

«Періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды»: Қадір түні оқылатын дұғалар

Қарыздан құтылу, берекелі ризық, қайырлы жұмыс, салихалы жар, ізгі ұрпақ, қиындықтан шығар жол, аурудан шипа сұрайтын дұғалар оқылады

Күнтізбеге сәйкес, қасиетті Қадір түні биыл Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні болып белгіленді. Бұл қасиетті түні әр оқылатын дұға, тілеген тілек қабыл болады. Қадір түні оқылатын таңдаулы дұға-тілектердің топтамасын KYN.KZ ақпарат агенттігі ұсынады.

Қадір түні — бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынаны да қамтиды.

Қадір түнінде оқылатын дұға

Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» ‒ деп сұрағаны риуаят етіледі. Бұған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! /Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббуль-ъафуа фаъфу-ъанни/» ‒ деп айт», ‒ деп жауап берген (әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким). 

Қарыздан құтылу, берекелі ризық, қайырлы жұмыс, салихалы жар, ізгі ұрпақ, қиындықтан шығар жол, аурудан шипа сұрайтын дұғалар оқылады.

Ислам ғұлмалары: «Қадір түні – тағдыр түні.  Оның бұлай аталуының себебі, Алла Тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің өмірге келетінін, кімнің ажалы жететінін, кімге қанша  ризық-несібе бөлінетінін белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафил, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», ‒ деген. 

Яғни, бұл – тілектер қабыл болатын түн. Әрине, әр адамның жүрек төрінде орындалмай жүрген арманы, қажеттіліктері бар. Алла Тағала тілектерді әр адамның өз тілінде де естиді. Дегенмен, Құран мен Сүннетте келетін дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі жоғары болғандықтан ең таңдаулы дұғаларды топтастырдық. Қағазға шығарып, Рамазанның аспаннан періштелер жауатын соңғы түндерін дұға жасаумен өткізіңіз.   

«Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі».

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады».

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

 «Бұл түнде таң атқанша (Алла Тағаланың) сәлемі жалғасады», – делінген.

Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні», –  деген.

Айша (р.а.) анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қадір түні қалай дұға етемін деп сұрағанда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Раббым, Сен, әрине, кешірімдісің, жомартсың. Кешірімді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!» – деп дұға ет», – дейді.

Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп қана жаратқан. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намаз оқып, Аллаға жақындататын іс жасаған абзал.

Расулалла (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді.

Құран оқу, өзі үшін, әке-шешесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін дұға ету, күнәларынан тәубе ету, уағыз-насихат тыңдау Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне апарар төте жол болмақ.