Қоғам

Наурыз көженің әзірленуі мен оның ағзаға пайдасы

Наурыз көже – өте пайдалы, әрі тойымды ас

Наурыз көже – ұлттық тағам. Наурыз мейрамында арнайы дайындалады. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленеді. Ол молшылықтың, бірліктің, жаңа жылдың басталуын білдіретін қасиетті ас ретінде саналады. Наурыз көженің пайдасы мен дайындау әдісін оқырмандарымызға ұсынамыз, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Наурыз көже жеті түрлі дәмнен дайындалады. Қазақ халқы үшін жеті саны қасиетті саналады. Сол себептен қосылған әр қоспаның өзіндік мағынасы мен мәні бар.

Су – тіршіліктің бастауы.

Ет (немесе сүйек сорпасы) – тоқшылық белгісі.

Тұз – тазалық пен тұрақтылық нышаны.

Бидай – молшылық пен ырыстың белгісі.

Күріш – тоқшылық пен берекенің символы.

Құрт немесе айран – денсаулық пен амандықтың көрінісі.

Май немесе сары май – қуат пен жылылықтың белгісі.

Наурыз көже әр аймақта әртүрлі тәсілмен әзірленеді. Көжеге қосылатын қажетті қоспалар:

  • 1 келі ет (қой, сиыр немесе жылқы еті)
  • 2 литр су
  • 100 г бидай
  • 100 г күріш
  • 100 г жүгері немесе тары
  • 100 г көже жармасы (тары немесе арпа)
  • 100 г фасоль немесе ноқат (қалауыңызға қарай)
  • 200 мл айран немесе қатық
  • 50 г сары май
  • 1 ас қасық тұз

Наурыз көжені дайындау тәсілі: алдымен етті бөлек асады. Еттің сүрленген болғаны абзал, қазы болса, тіптен жақсы. Одан кейін ақ жүгеріні пісіреді, өйткені ол еттен кейінгі ұзақ пісетін дән. Келесі кезекте сары жүгеріні қайнатады. Оған 40 минут уақыт кетеді. Ал ең соңында бидайды пісіріп алады. Оны пісіруге жарты сағат жеткілікті. Әр дәнді пісіріп алған соң, оны аздап суытып алады. Ет пен дәндерді араластырғаннан кейін тағы бір қайнатып алады. Ең бастысы, наурыз көжеде қандай дәм, қандай дақыл қосқаның көрініп тұруы керек. Сондықтан бұршақтар езіліп кетпеуі тиіс. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қою қажет. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, қатық, айран немесе құртты қайнаған суға езіп араластырады. Қазақстанның кейбір аймақтарында Наурыз көжеге сүт пен мейіз де қосады.

Наурыз көже – өте пайдалы, әрі тойымды ас. Оның құрамындағы әрбір өнім адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдарға бай.

  • Ет пен сорпа – ақуызға, темірге және басқа да пайдалы элементтерге бай, ағзаның қуатын арттырады.
  • Бидай, күріш, жүгері, тары – көмірсулар мен өсімдік ақуыздарына бай, асқорыту жүйесін жақсартады.
  • Құрт, айран, қатық – кальций мен пайдалы бактерияларға бай, сүйектерді нығайтады, иммунитетті көтереді.
  • Сары май – энергия көзі, ағзаны қажетті майлармен қамтамасыз етеді.

Бұл тағамды көктемде жеу – қыстан әлсіреп шыққан ағзаны қалпына келтіруге көмектеседі.