«Акушерлер мен дәрігерлердің кінәсі»: қостанайлық әйел перинаталдық орталықта баласынан ғана емес, жатырынан да айырылған айтады
Әйелдер бұл жерге бала сүю үшін келеді, бірақ мен секілді жарымжан болып кетеді
Қостанайлық 35 жастағы Әсел Уақбаева перинаталдық орталық дәрігерлерін баласының өліміне кінәлі деп тануда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйел екі апта бойы медициналық мекемеде жатып, тек баласынан ғана емес, аналық жатырынан да айырылғанын айтады.
Әселдің айтуынша, ол кесар тілігін жасауды сұраған, бірақ дәрігерлер протоколға сүйене отырып, операциядан бас тартқан.
Бір тәуліктен кейін ауыр толғақ басталып, қан кету орын алған. Тек осы кезде ғана дәрігерлер шұғыл түрде операция жасау туралы шешім қабылдаған. Алайда нәрестені құтқару мүмкін болмаған.
“Мен есімді жиған кезде, мені жансақтау бөліміне әкеле жатты. Олар баланың жоқ екенін, оның қанға тұншығып қалғанын айтты. Бұл – акушерлер мен дәрігерлердің кінәсі. Соңына дейін барамын, өйткені мұндай жағдайлар өте көп. Қыз-келіншектер маған пікірлер жазып жатыр. Мұнда күн сайын дерлік осындай оқиғалар болады, бірақ барлығы үнсіз қалады. Әйелдер бұл жерге бала сүю үшін келеді, бірақ мен секілді жарымжан болып кетеді”, – дейді Әсел Уақбаева.
Ол жатырын алып тастағанын операциядан кейін сегіз күн өткен соң ғана білген. Енді әділдік талап етіп, полиция мен медициналық бақылау басқармасына арыз түсірген.
Перинаталдық орталықтың дәрігерлері бұл жағдайды плацентаның жедел ажырауысалдарынан іштегі нәрестенің шетінеуімен түсіндірді. Дәрігерлер әйелдің өмірін құтқару үшін бар күшімізді салдық, – деп мәлімдеді.
“Қызметтік тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта тексеру жалғасуда”, – деді бас дәрігердің орынбасары Борис Аутенов.
Қазір Әсел Уақбаева сот-медициналық сараптаманың нәтижелері мен ішкі тергеудің қорытындысын күтуде.