Басты жаңалықтар

Әлем чемпионаты аяқталды: Франция - чемпион, жаңа рекорд

Ресейдегі мундиальдің ақтық ойыны соңғы секундтарға дейін жанкүйерлерді күпті күйде ұстап отырды

Кеше Мәскеудегі "Лужники" стадионында 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты аяқталды. Финалда Франция және Хорватия командалары кезікті. Ойын 4:2 есебімен француздардың пайдасына шешілді. Француздар о баста бұл матчтың фавориті болып саналғанымен, хорваттар да қарсыласына дес бермеді. Өкінішке орай, шама-шарықтары екінші таймның ортасына дейін ғана жеткен. Үзілістен кейін есеп 2:1 болған кезде, Хорватия құрамасында француздарды қуып жетуге мүмкіндік болса, екінші таймның ортасында соғылған екі гол хорваттардың Кубок иеленуге деген ұмытылысын су сепкендей басты. Алайда финалда тағы бір күтпеген жайт болды. Франция қақпашысы Уго Льорис өз қақпасы алдында біраз ойнаймын деп, матчтың барысын өзгертті. Өз-өзіне деген шектен тыс сенімділіктің салдарынан гол жіберіп алған: бірінші таймда автогол соққан Марио Манджукич бұл сәтті құр жібермей гол салып, 40 жыл ішінде әлем чемпионатының бір матчында автогол және гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Әрі қарайғы ойын тепе-тең өрбіп, қарсыластар өзара шабуылды үдетті. Алайда француздар басым түсіп, енді, міне, жиырма жыл өткен соң Әлем кубогі тағы да Парижге жол тартты. Ал, бақандай алты гол соғылған Франция — Хорватия матчы әлем чемпионатындағы ең нәтижелі финал болып шықты.