Жайна Үсенғазықызы: Ауыл, аудан емханасын көтеру үшін тек жақсы дәрігер болу аздық етеді (ФОТО,ВИДЕО)
Дәрігер: 11 мың тұрғын тіркелген Нұра ауруханасының деңгейін көтеруде аудан әкімі Данияр Күнгей мықты қолдау білдірді.
Адам өміріне араша түсіп, қолдан келгенше көмектесу – ақ халаттылар арқалаған абыройлы міндет. Медицина саласында қажырлы еңбек етіп, талай жанның алғысын алған дәрігерлер көп елімізде. Солардың бірі – Жайна Үсенғазықызы. Ол халыққа қызмет етіп, оларға қуаныш сыйлау – Жаратушының сыйы деп біледі. Абзал жан туралы KYN.KZ тілшісіне 20 жылдан астам уақыт дәрігерлік тәжірибесінде кездескен қиындығы мен жеткен жетістігі, алға қойған жоспарлары жайлы айтты.
Дәрігер: “бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін”,-дейді.
Жайна Кенжалина Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1999 жылы Медицина академиясын үздік бітіріп, еңбек жолын облыстық ауруханадан бастапты. Басында біраз қиындықтар кездескенін де жасырмады. Сондай бір бастан кешкен оқиғасын баяндап берді.
“Әлі есімде, 5-курс оқып жүргенде демалыста ауылға бардым. Ол кезде акушер, гинекологиядан ешқандай тәжірибем жоқ. Енді бастаған едім оқуды. Көрші апамыз бесінші баласын босанып қалды. Медицинадан хабары бар деп мені шақырды. Ешқандай тәжірибем болмаса да, кітаптан оқығанымды еске түсіріп, босандырып алдым. Пышақ тұрмақ, қайшыны да дұрыс ұстауды білмейтін кезім ғой. Бірақ барынша тырысып, баланың кіндігін кестім. Қазір сол бала 25 келген үлкен жігіт болды. Есімізге түссе, әлі күнге дейін күлеміз”- деп еске алды дәрігер.
Жайна Үсенғазықызының негізгі мамандығы – балалар дәрігері.
“Балаларды жақсы көремін, педиатрияны таңдаған себебім де – сол”,- дейді.
Бүгінде Жайна – бас дәрігердің орынбасары. Бірақ мансапта басшылық қызметте отыру оңай емесін айтып, ол үшін табандылық, мейірім мен сабыр керегін алға тартады. Еңбек етсең қашан да діттеген мақсатқа жетуге болады.
“Маңдайдан аққан тердің бір рахаты болады қай уақытта да” – дейді Үсенғазықызы.
Шынында да қажырлы еңбек етсең, бейнетіңнің зейнетін көрерің – хақ. Сол себепті Жайна Кенжалина медицина саласын жан-жақты зерттеуге тырысқан. Педиатрия, гинекология, фармацевтика, тағысын тағы. Шет тілдерін де меңгерген, медицина ғылымдарына кандидаттық та қорғаған. Бірақ бұлардың бәрі Жайнаның арман-мақсаттарына аздық етті.
Осылайша ақ халатты абзал жан ауылдық жерге жұмыс істеуге сұранып барған. Талғар аудандық ауруханасынан 80 км қашықтықта орналасқан Нұра ауылдық амбулаториясын да қызмет етіпті. Елдің жағдайын көрейін, халқыма пайдам тисін деген ой Жайнаны сол қашықта орналасқан елдімекенге жетелеп келген. Жақын маңдағы 2 ауылды қосқанда, 3 бірдей ауылға ортақ ауруханада талмай еңбек етіп, медициналық көрсеткіші 11%-ға төмендеген ауылдың көрсеткішін жыл соңына дейін 100%-ға жеткізіпті. Бірақ бұл да оңайға соқпаған. Амбулаторияның жарамсыздығы, ауруханада жылу жүйесі болмағандықтан бір бөлігі толығымен суық жерде тұрғындарды емдеген. Кейін ауыл емханасындағы жағдайды жақсартуға үлес қосыпты. Сондай-ақ, дәрі жетіспеушілігі де болған, бұл мәселені де шешіпті. Болашақта да осы жолда аянып қалмақ емес.
Жайна Үсенғазықызы – мамандығын шын сүйетін,өз ісіне адал адам.
“Халыққа пайдам тисе, көңілдеріне кішентай болсын қуаныш сыйлай алсам, менен асқан бақытты жан болмас еді”,-дейді дәрігер. Өзінен кейінгі жас медицина қызметкерлеріне бірнеше ақыл-кеңесін де айтты:
“Қалаға қарағанда ауылды жерде жағдай қиынырақ. Жолдың нашарлығынан діттеген жерге уақытында жете алмауы мүмкін. Немесе мамандардың тапшылығынан бірнеше жерге барып үлгеруге тура келеді. Сондай сәтте дәрігер сабырлы, төзімді бола білуі керек. Сондай-ақ, кейде қатты сырқаттанған науқастардың көңіл-күйі болмай, психикасына әсер етуі де мүмкін. Мұндай кезде ақ халаттылар адам жанын сөзбен емдеуге тырысуы керек және жағдайға түсіністік танытқаны жөн”, - дейді.
Жайна Кенжалина – көп балалы отбасында дүниеге келген. Бауырлары түрлі салада қызмет етеді. Тек Жайна ғана медицина саласын таңдапты. Таңдауы да қате болмаған. Себебі бүгінде ол – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер. Алматы қаласындағы №1 қалалық клиниканың бас дәрігерінің науқастарға қолдау көрсету және аудитті жөніндегі орынбасары. Бұған дейін Медициналық және Фармацевтикалық бақылау Комитетінің департаментінде, “Almaty Resort” шипажайында ресурстарды ұйымдастыруды қамту бөлімініі басшысы қызметін атқарған. Оның ішінде диагностикалық орталықтың басшысы, одан кейін президенттің емдеу және оңалту ісі жөніндегі орынбасары болған. 2015 жылы №1 қалалық клиникаға арнайы шақыртумен келіп, күні бүгінге дейін сонда жұмыс істейді.
Жайна ханым әр отбасында сәби күлкісі естілсе екен дейді. Перзентін қолына алған кездегі ата-ананың қуанышты жүзін көру – өлшеусіз бақыт екенін айтады. Сондықтан болашақта да өзгелерге бақыт сыйлау жолында еңбек етуді жалғастырғысы келеді.
Өзінен бұрын халық жағдайын ойлайтын дәрігер алдына келген әр науқастың дертіне дауа тапқысы келеді. Сол себепті медицинаның сан саласын зерттеді. Дәрігер COVID-19 індеті кезінде де аянып қалмаған. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өз басын қатерге де тігіпті.
“Денсаулық сақтау басқармасында коронавирус кезде көп еңбек сіңірілді. Ең бірінші штаттар құрылды: 270-тей егу бөлімі ашылып, көптеген жұмыстар жасалынды. Халық күйзеліске ұшырап, қаншама адам қиналды. Оларға көмектесуне тырысып, тиісті шаралар қабылдап, тұрғындарға қызмет етуге бар күшімізді салдық. Қонақүйлерде, емханаларда халықтың жағдайын жасау үшін орындар жетіспейді, сондықтан қосымша емдеу орталықтарын аштық. Залалсыздандыру, дезинфекциялық жұмыстар жүргіздік. Барлық әріптестеріме сондай қиын сәтте күн-түн демей қызмет еткендері үшін алғысым шексіз.”,-дейді Жайна Үсенғазықызы.
Сондай-ақ, ах халатты абзал жан Денсаулық сақтау басқармасында
экстракопоральды ұрықтандыру(ЭКҰ) кураторы болып, сәби сүйе алмай жүрген жандарға ата-ана болу бақытына ие болуға жәрдемдесіпті.
“Қазақстан бойынша 2000 квота берілді балаларға. Сол квотадан 80-90% нәтижемен қаншама бала дүниеге келді. 10 шақты егіз бала, 3-4 үшем. Ата-аналардың көзіндегі қуанышты көрген кезде бұл да – Алланың берген бақыты деп ойлаймын”,-дейді Үсенғазықызы.
Жайна әр медициналық қызметкер алдына келген науқасты өз туысындай көрсе екен дейді:
“Халық деген кім ол? Халық деген – сіздің ата-анаңыз, бауырыңыз, баланыңыз, айналаныңыз. Содан халық құралады. Әрбір дәрігер өзінің алдына келнен науқасты өзімнің ата-анам, бауырым деп тартып, жақсы көзбен, махаббатымен қараса, аурудың алдын алуға себепкер болады”.
“Уақытты кері қайтарса, қайта дәрігер болар ма едіңіз?” деген
сұрағымызға Кенжалина бірден “боламын” деп жауап берді. Өйткені медицина барлық мамандықтарлың ішіндегі ерекше сала екенін айтады. Қолдан келгенше осы ерекше саланың дамуына үлес қосқысы келеді.
«Дәрігер халқымыз бақытты ғұмыр кешсе екен деп армандайды. Сондықтан сөзін “елімізге үлкен бақыт тілеймін! Сәбилер көптеп өмірге келіп, әрбір үйде қуаныш болсын!”-деп аяқтады Жайна Үсенғазықызы.