Басты жаңалықтар

«Көбі жабылып тынады»: мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев БАҚ-өкілдерін ҚҚС-дан босатуды ұсынды

Депутаттың бұл ұсынысына вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді

Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Салық кодексіндегі өзгерістер БАҚ өкілдеріне үлкен ауыртпалық екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Депутат салық мәселесі газет-журналға әсер ететінін және құн салығы 16%-ға баратын болса, онда көбі жабылып қалатынын жеткізді.

"Бізде облыстық, аудандық, қалалық газет-журналдар бар. Ол жердегі әріптестеріміз онсызда кіп-кішкентай айлыққа әрең күнін көріп отыр. Егер оларға салынатын қосымша құн салығы 16%-ға баратын болса, онда көбі жабылып тынады. Сәйкесінше аймақтар тиісті ақпарат құралынсыз қалады, азаматтар, әріптес журналистеріміз жұмыссыз қалады", - деді ол.

Ол отандық газет-журналдарға қосымша құн салығын алып тастауды ұсынды.

"Біріншісі, еліміздегі отандық газет-журналдарға қосымша құн салығын алып тастау яки нөл пайыз қылу. Екінші еліміздегі отандық ресми тіркелген телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарына қосымша құн салығын 10% деңгейінде қалдыру. Бәріміз білетін тәмсіл бар ғой: кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемге иелік етеді деген. Сондықтан осы бағытта отандық БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігін, дұрыс ақпарат таратуын сақтап қалу керек", - деді ол.

Депутаттың бұл ұсынысына вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді. 

"БАҚ-қа біз толығымен 16% ҚҚС-ты жолдаймыз. Сол себепті ешқандай жеңілдіктер көзделмеген. Ол әрбір БАҚ-тың жалпы жылда есептелген тауар айналымына байланысты болады. ҚҚС-ның шекті мәнін біз қолдадық. 40 миллион теңге. Шетелдік БАҚ келсе, олар да төлейді. Сол себепті әрбір БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігі оның берген ақпаратының көпшілікке қызық екеніне, сапасына байланысты болады. Журнал, газет, интернет, радио деп бөлу дұрыс емес деп есептейміз", - деді министр.