Қазақстанда 1 теңгелік монеталар айналымнан алынып тасталуы мүмкін
Ұлттық банк төрағасы 1 теңгелік монеталар соғу көп жағдайда экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтты
Қазақстанда 1 теңгелік монеталарды соғудан бас тарту мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Менің білуімше, әлем елдерінің қолма-қол ақша айналымында «бірлік» номиналдағы монеталар сақталып келеді. Себебі біз ондық жүйемен өмір сүреміз — 1, 10, 100, 1000 және т.б. Сол себепті көптеген елдер тарихи, психологиялық немесе мінез-құлықтық себептерге байланысты 1 номиналын ұстауға тырысады. Бірақ көп жағдайда бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Яғни, бұл монетаны жасау өз құнынан қымбатқа түседі», – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, ұлттық банк бұл мәселені зерттеу үстінде.
«Біз 1 теңгелік монеталарды соғуды сақтап қалу қаншалықты қажет екенін ойланып жатырмыз. Бұл халықаралық деңгейде де қызықты тәжірибе. АҚШ-та бұл тақырып көтерілгеннен кейін біз де ойлана бастадық. Қазір талқылау үстіндеміз, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ», – деді ол.
1 теңгелік монеталарды соғуға Қазақстан бюджетінен нақты қанша қаражат жұмсалатыны туралы сұраққа Ұлттық банк төрағасы ресми пайдалану үшін қажет мәлімет екенін айтып, жауап бермеді.