Басты жаңалықтар

«Жәбірленушінің де, әкесінің әрекеттерінен де морально шаршадым»: адвокат Әнару Құрманәлінің жазған хаттарын жариялады

Ең басты айтарым – зорлық орын алды

Белгілі адвокат Ләззат Ахатова боксшы Жанқош Тұраров пен Әнару Құрманәлінің ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол зорлық болғаны анық екенін жазып, бірақ қылмыстың ашылуына тосқаулар көп болғанын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ахатова Тұраровты қолдайтындар түрлі органдарда отырғанын айтты. Сонымен қатар жәбірленушінің мінез-құлқы мен әрекеттері адвокатқа моральдық тұрғыда ауыр тиген.

«Ең басты айтарым – зорлық орын алды. Бұл – ақиқат. Ал Тұраровты қолдайтындар түрлі органдарда отырғандықтан, қылмыстың ашылуына тосқауыл көп болды. Олардың араласатын ортасы, тіпті отбасылары да оның есірткіге тәуелді екенін біледі. Бірақ бізде мұндай қылмыстар кез келген адамға қатысты ашыла бермейді. Ал жәбірленушіге келсек.. Жақсылықты бағалай алмайтын, өзіне керек кезде ғана жақсы сөйлеп, өз қателігін өлсе түсінбейтін, тек өзгелерді кінәлауға, каприздері орындалмаса, манипуляция жасауға бейім эгоист екен, қазіргі жастар.. Соны ұқтым», – дейді Ахатова.

Айтуынша, жемқорлық пен тамыр-таныс жайлаған жүйеде әділдікке жету қиын. Сол себептен бұл істе жалғыз күресу оңай болмағанын жеткізді.

«Жеке әңгімелерді жариялайын деген ниетім жоқ еді. Ертең сайттар іліп әкетсе, бізге тілеулес ел түсінбей қалмасын, менің уәжімді да назарға алсын деп, Сіздерден ештеңе жасырмауды жөн көрдім. Соңғы кездері істегі қиындықтардан бөлек, басқа нәрселерден, жәбірленушінің әрекеттерінен де, әкесінің әрекеттерінен де морально шаршадым.. Былтырғы тамыздан бері осы іске қатысты не өтпеді басымнан?.. Біреудің отбасылық проблемаларына, қарым-қатынастарындағы күрделі жағдайлар мен өкпе-налаларына еріксіз куә боп, араласуға да мәжбүр болыппын. Адвокат қана емес, психолог, няня да боп кеттіппін. Сонда да мамандығыма адал болдым. Қысқарған істі жанымды салып, бұздыртып, тергеуге бүкіл талабымызды орындаттық. Енді ешкімнің өкпесі жоқ шығар, маған?», – деп түйіндеді Ахатова.