Экология және табиғи ресурстар министрі қазақстандықтарға үндеу жасады
Министр дала өрттеріне бей-жай қарамауға шақырды
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өрт шығу қауіпі жоғары маусымның басталуына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, былтыр ылғал көп болуына байланысты дала мен орманда шөптің қалың шығуы байқалды, бұл болса биыл өрт қаупін арттырып отыр.
"Былтыр өте ылғалды болды және бәріңіз байқаған боларсыз далада да, орманда да шөп биік шықты. Биыл ол қиындық туғызады – құрғақ шөп жанады. Әрине, бұл жерде сіздердің көмектеріңізсіз болмайды. Сондықтан сіздерге жүгінемін – дала өрттеріне бей-жай қарамаңыздар", – деді министр.
Ерлан Нысанбаев өрт ошақтарын байқасаңыз, дереу тиісті қызметтерге немесе ТЖМ-нің жедел желілеріне хабарлау қажет екенін баса айтты.
Министр әсіресе ауыл шаруашылығы жерлеріндегі өрттер мен Шығыс Қазақстан, Семей және Павлодар облыстарындағы орман алқаптарына бару кезінде туындайтын қауіптерге назар аударды.
"Сіздер орманға, табиғат аясына шығасыздар. Сол кезде от жағу мәселесінде өте мұқият болуды сұраймын. Көптеген өрттер адам факторынан болады. Иә, шамамен 70 пайыз өрт табиғи құбылыстардан, мысалы, найзағайдан туындайды, бірақ адам факторын да жоққа шығара алмаймыз. Үлкен өтініш – сақ болыңыздар", – деп қорытындылады министр.