12 миллион теңгені бәске тіккен: Ақтөбеде екі мектептің директоры сотталды
Ақшаның бір бөлігін сотталушылар құмар ойынға салып жіберген
Ақтөбеде қос бірдей спорт мектебінің директорына «Алдау» бабы бойынша үкім шықты. Олар спорт мектебінің алаңдары мен жаттығу залдарын жалға беріп, түскен ақшаны ұтыс ойынына салып жіберген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбедегі жасөспірімдерге арналған футбол мектебінің бұрынғы директоры Мақсат Әуелбаев пен хоккей спорт мектебінің бұрынғы директоры Қайрат Ділмановтың ірі көлемде бюджет қаржысын иемденгені дәлелденді.
Олар ҚК-тің 195-бабының 4 бөлігі 2 тармағы бойынша жауапқа тартылды. Алдын ала келісіп, сенімге кіріп, қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, ірі көлемде пайда тапқан қос директорға 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
«Мақсат Әуелбаевты 2 жылға бас бостандығынан шектеу, Қайрат Ділмановты 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. 3 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуға шектеу қойылсын», — деді судья.
Жарыссөзде прокурор сотталушыларды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот келтірілген шығынның өтелгенін, олардың бұрын сотталмағанын және балалары барын ескерді.
Спорт мектебінің бұрынғы директорлары енді пробациялық бақылауда болады. Олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарына баруына сот тыйым салды. Егер талап орындалмаса, бас бостандығынан шектеу бас бостандығынан айыру жазасына өзгертіледі. Іс алғашында «Алаяқтық» деген баппен тергелді. Сотқа түскеннен кейін «Алдау» бабына өзгертілді. Іс материалдарына сүйенсек, сотталушылардың бюджет ақшасын иемденуі 2022 жылдан басталды. Мектеп алаңдарын жалға беріп, қаржыны жеке мақсатқа иемденген, ұтыс ойындарына салған белгілі болды.
2022 жылдың қаңтары мен 2024 жылдың шілде аралығында Ділмановтың жүйесі бойынша футбол алаңын жалға алушылардан жалпы 11 579 565 теңге түскен. Сонымен қатар сотталушының қызының есепшотына тағы 650 720 теңге түсті. Ақшаның бір бөлігін сотталушылар құмар ойынға салып жіберген. Шығын өтелді.