«Басынан теуіп, ұрып-соққан»: сотта Шерзат Болаттың өмірінің соңғы минутында қандай жағдайда болғаны айтылды
Бұған дейін прокурор Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотта айыптау қорытындысын жариялаған болатын
Талдықорғандағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өткен сот отырысында прокурор Дана Сәрсембай Шерзат Болаттың қалай өлтірілгенін айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік айыптаушы тараптың айтуынша, сотталушы Белғожаев өлімші жарақат алған Шерзатты басынан теуіп, пышақтың сабымен басынан ұрған. Айыпталушы Ілиясов та өліп жатқан жасөспірімнің басынан қарумен ұрған.
Олар жасөспірімді өлімші етіп ұрғаннан кейін оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа шабуыл жасаған.
«Топтық төбелес кезінде Шынасыл кәмелетке толмаған Болатты жүрек тұсынан пышақпен ұрған. Соққыны сезген жасөспірім қаша бастайды. 50 метрге дейін сүйретіліп барып, асфальтқа құлайды. Осыдан кейін шабуылшылар төбелесті жалғастырды. Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясов және Шынасыл жасөспірім мен Ғайыпбаевқа қарай бет алады. Белғожаев Шерзаттың басынан теуіп, пышақ сабымен басынан бірнеше рет ұрған.
Ілиясов та басынан қарумен ұрған. Содан олар Ғайыпбаевқа ауысады. Оны сотталушылар Шынасыл мен Сакиев те пышақтап кеткен. Ғайыпбаев ес-түссіз құлағаннан кейін олар көлікке отырып, кетіп қалады», - деді прокурор.
Бұған дейін прокурор Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотта айыптау қорытындысын жариялаған болатын.
Прокурордың айтуынша, Шерзатты пышақтап өлтірген сотталушы – Абзал Шынасыл.