«Ұрған сайын басын көтеріп, қайта-қайта құлағанын көрдім»: Шерзат Болаттың әжесі сотты сол күні қалай болғанын айтты
Бірақ біз пышақты Шерзатқа тығады деп ойламадық
Шерзат Болаттың қазасына қатысты сот отырысында әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алынды. Ол сол түні қалай болғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шерзаттың әжесі сотталушылардың арасында Шынасыл Абзалды танып тұрғанын айтты.
“Жолды кесіп өтіп келе жатқанымда олар алдымнан жүгіріп өтті. Сол кезде балалар тоқтаңдар деген кезде, көк киім киген Абзал мені итеріп жіберді. Нұрқанаттың ажалына да осылар себеп болды. Ол жерге барғанның бәрі Шерзатқа қол көтерді. Баламды олай ұратындай, Шерзаттың не істеп қойғанын түсінбедім. Досы Қытайға кететін болып, дүкеннен сусын аламын деп барғанмын. Оны ешқашан түнде көшеде жүргізген емеспін. Мына адамдар тобы баламды әдейі өлтіру үшін келіп отыр”, – дейді марқұмның әжесі.
Жұмабике Кадированың айтуынша, күдіктілердің қолында пышақ болған.
“Келінімнің қолынан екі адам ұстап алған. Шерзат құлағанға дейін Нұрқанат та, келінім де жете алған жоқ. Бұлар Нұрқанатты да, Шерзатты да өлтірдік деп кеткен адамдар. Олардың қолдарында жылтыраған пышақ болды. Қаржаубайды екі бала қуып, алысып, бетінен бөтелкемен ұрды. Ол пышақ тек біреуінде деп ойлаған. Бірақ біз пышақты Шерзатқа тығады деп ойламадық”, – дейді әжесі.
Шерзат Болат жерге құлағаннан кейін де оны бірнеше топ адам ұрып-соққан.
“Ол қыздардың не үшін жүргенін түсінбедім. Қыздар жедел жәрдем шақырсаңызшы деді. Бірақ ешкім жедел жәрдем шақырған жоқ. Оларды жігіттер көлікке сүйреп отырғызып алып кетті. Шерзат біраз жерге барып құлады. Оны құлағаннан кейін ұрды. Ұрған сайын басын көтеріп, қайта-қайта құлағанын көрдім. Нұрқанатқа үш пышақ кірген. Ол сол жерде жатқан”, – дейді Кадирова.