Басты жаңалықтар

«Айғайлағаныма да қараған жоқ»: Шерзат Болаттың анасы сол түні оқиғаның қалай болғанын айтты

Шерзат артқа шегінеді де құлады, сол кезде мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көремін

Шерзат Болаттың (Полат) анасы сотта жауап берді. Ол сол түні ұлының қаскөйлердің қолынан қалай қаза тапқанын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Гүлбара Бишімбаева ұлына шабуыл жасалған кезде оны қорғауға тырысқан. Оның айтуынша, оқиға туралы естіген бойда енесімен бірге "Қамажай" дүкеніне барған. Дүкеннің алдында ер адамдардың тобын көрген.

"Дүкеннің алдында 10-15 шақты адамдарды көремін. Әжесі менің артымда келе жатқан. Сол жерде біреу: "Делайте" деп айтады, мен соны естідім. Сосын Шерзаттың бетінен Дархан ұрады. Сол кезде Шерзат артқа қарай шегінеді де, қайта оны ұрады. Ол жерге құлап түседі. Абзал Ахметті (Шерзаттың досы - авт.еск.) ұрып жібереді. Сосын олар Шерзат пен Нұрқанатқа жабылып кетеді. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алады. Сол кезде Абзал: "Аузыңды жап, сені де өлтіреміз" дейді маған", – деп баяндады Шерзаттың анасы.

Сондай-ақ Шерзаттың анасы сол жерде болған екі қыз туралы да айтты. Оның сөзінше, бұл қыздар тас лақтырған.

"Ол қыздарға: "Жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы", дедім. Олар маған қарап тұрды, ештеңе істеген жоқ", – деді Гүлбара Бишімбаева.

Әйелдің айтуынша, олардың қолында пышақ болған. Анасы Шерзатқа пышақ салған Абзал Шынасыл екенін айтты. Ал Гаипбаевқа пышақпен шабуыл жасаған — айыпталушы Сакиев. Нұрқияс Ильясовтың қолында мылтық болғанын, сол мылтықпен жараланған Шерзаттың басынан ұрғанын айтты.

"Шерзатқа қарай жұлқынып шығып кеттім. Шерзат артқа шегінеді де құлады, сол кезде мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көремін. Шерзат: "Мама мына жағымды қараңызшы" деп сол жағын көрсетеді, пышақ салған жерін көремін сол кезде. Ұлымның ауыр хәлде жатқанына қарамастан, олар бізге қарай бет алады... Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде оң қолымды тосып қалдым, қолыма тиді. Сосын тағы үш-төрт рет ұрады. Айғайлағаныма да қараған жоқ. Одан кейін үйлерден адамдар шығып қалып, бұлар қашты", – деді әйел сотта берген жауабында.

Сондай-ақ ол оқиға кезінде жұбайы Қаржаубай полиция мен жедел жәрдем шақыруға тырысқанын айтты. Алайда ешкім жауап бермеген және ешкім келмеген.