«Сасқалақтап не істерімді білмей қалдым»: сотта екі куәгер қыздың біреуі жауап берді
Сұр киім киген жігіт ес-түссіз жатты
Шерзат Болат ісіне қатысты сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Куәгердің сөзінше, олар сотталушылармен оқиға болғанға дейін екі күн бұрын танысқан.
«Олармен екі күн бұрын танысқанмын. Бұл жерде Нұрқияс, Равиль және Абзалды ғана танимын. 3 қазанда күндіз жұмыста болдым. Сосын құрбым Дана қоңырау шалды. Өзара сөйлестік. Кейін маған Равиль жазып, кездесейік деген соң, жұмыстан кейін ғана шыға алатынымды айттым. Кешке сағат 20:00-де шығып, үйге қарай кетіп бара жатқанымда Равиль “Эйфория” кафесіне кездесуге шақырды. Дана екеуміз бірге бардық. Онда Нұрқияс, Равиль және екі жігіт күтіп алды. Біз отырдық, биледік. Ал жігіттер өздері дастархан басында отырды. Олардың кіріп, шығып жүргенін көрмедік. Себебі би алаңы басқа жерде болды. Үстелге қайта келдік. Жігіттер де отырды”, – дейді куәгер.
Кафе жабылған соң, Эльмира Нұрбекова құрбысымен дүкенге қарай бет алған.
“Даяшы келіп кафе жабылады деген соң, біз ақысын төлеп, шығып кеттік. Нұрқияс пен Равиль дүкенге барамыз, сендерді сосын жеткіземіз деп айтты. Біз тіпті қандай дүкенге баратынымызды білмедік. Қара Medcedes-ке міндік. Көлікті Шыңғыс Айдосұлы басқарды. Дүкен жаққа келдік, көлікте отырдық. Мен құрбыма темекі алайық, менікі бітіп қалыпты дедім. Екеуміз көліктен түсіп, дүкенге кірдік. Дүкенде екі жігіт тұрды. Тағы бір ер адам тұрды. “Аға темекі сатасыз ба” деп сұрадым. Ол “шылым сатпаймын, қазір қаруымды шығарамын, атамын” деп айтты. Дүкеннің сыртында тағы қара көлік тұрды. Сонда барып тұрдым. Сатушы дүкенді жабамын деп айтқан кезде, артқы жағымнан біреу есікті тепті. Бір кісі шығып, қару атты. Ол қаруды балаларға тақап, екі қадам жасап, тағы оқ атты. Равильді ұстап, төбелеспеңдер дедім. Бәрі тынышталды. Сосын ол жұлқынып шығып кетіп, жанжал болып жатқан жаққа қарай жүгіріп кетті, –дейді куәгер.
Куәгер төбелес кезінде әйелдің көмек сұраған дауысы шыққанын естіген. Алайда шошығаннан ешнәрсе істемеген.
“Дүкен жанында тұрған Mercedes көлігіне барып тұрдым. Сол кезде көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Жол жаққа қарай шықсам, әрі бері жүгіріп жүргендерді көрдім. Қара киген баланы ұстап, тоқтаңдар деп айттым. Сұр киім киген жігіт ес-түссіз жатты. Сол жерде сасқалақтап не істерімді білмей қалдым. Мені кім ұстап, көлікке отырғызғанын да білмей қалдым”, – дейді Нұрбекова.
Куәгердің айтуынша, сол уақытта жедел жәрдем шақыруға қорыққан.