Әділет министрі Қазақстанда әр екінші неке ажырасумен аяқталатынын айтты
Статистика әр екінші неке бұзылып жатқанын көрсетіп отыр
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасып жататынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әділет министрі үкімет сағатында мәлімдеді. Былтыр отау құрған 124 мың жұптың жартысына жуығы ажырасып кеткен.
“Өткен жылы 61 080 ажырасу тіркелген, бұл неке қию санының (124 774) жартысына жуығына тең. Осы тұста отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдар кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз”, – деді министр.
Бұдан бөлек 12 мың алимент төлеуге міндеттелген.
“Статистика әр екінші неке бұзылып жатқанын көрсетіп отыр. Сәйкесінше, отбасы, оның ішінде балалар зардап шегеді. Бұл тұрғыдан алғанда сіз көтеріп отырған мәселе расымен ерекше назарды талап етеді. Бүгінде “қызыл” аймаққа енген 12 мың алимент төлеуге міндеттелген адам назар аудартады. Олар бойынша жеке сот орындаушылар тарапынан нүктелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Заң тұрғысынан алғанда әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке дейінгі барлық тетік бар. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейтінін жақсы түсінеміз”, – деді ол.