«Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза»: Тоқаев Ақтау маңында құлаған ұшақ оқиғасын еске алды
Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырағанын еске алып, қайғылы оқиға кезіндегі қазақстандықтардың көмегін атап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Тоқаев еліміздің көрші елдермен бірлігі туралы айтты. Президенттің айтуынша, Қазақстан халқының ең жақсы қасиеттері, әсіресе, сын сәттерде айқын көрінеді.
"Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек", - деді Президент.