Руслан Берденовке қастандық жасаған күдіктінің әкесі: “Келінімізді араластырмауларыңызды өтінеміз”
Қандай жағдай болмасын, шын жүректен, бүкіл отбасымызбен Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейміз
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деген күдікпен ұсталған Ернар Жиенбайдың әкесі ресми мәлімдеме жасады. Ол бұл іске келінін араластырмауды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Күдіктінің әкесі отбасымен Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейтінін жеткізді.
"Ата-ана ретінде бұл жағдай біз үшін үлкен соққы болды. Ұлымыз Ернар осындай іске барды дегенге әлі күнге дейін сене алмай отырмыз. Болған жағдайға қатты өкінеміз. Қандай жағдай болмасын, шын жүректен, бүкіл отбасымызбен Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейміз", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар ол келінінің Руслан Берденовті мүлдем танымайтынын айтты.
"Ең бастысы келінімізді бұл жағдайға араластырмауларыңызды өтінеміз. Оның бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ. Ол Руслан Берденовты ешқашан көрмеген, танысы да емес", — деді Жиембай Пралиев.