Мәдениет

"Суицид жасағым келді": Әйелге күш қолданғаны үшін қамалған Серік Шәріп жан сырын ақтарды

Ол өзін екінші Бишімбаев дейтіндерге жауап берді.

Ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабының 1-бөлігі, яғни, (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекет) бойынша 5 күн қамауда болған еді.

Сәуірдің басында актердің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бөтеева әлеуметтік желілерде оны күш қолданды деп айыптап, лифтіден күштеп шығарып жатқан сәті түсірілген бейнежазбаны жариялаған болатын.

Актер изолятордан кейінгі алғашқы сұхбатын блогер Әлішер Елікбаевқа берген.

Оның айтуынша, олар Бөтеевамен бір жарым жыл кездескен, бір-бірін қатты жақсы көрген. Алайда 2024 жылдың мамырынан бастап араларында жиі қайталанатын ұрыс-керіс басталған. Сол жылдың қарашасында тұрмыстық мәселелерге байланысты екеуі айырылысуға шешім қабылдайды.

Актердің айтуынша, желтоқсанда Бөтееваның өзі хабарласып, қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге тырысқан, бірақ нәтиже болмаған. Көп өтпей биыл қаңтарда актердің өзі кешірім сұрап, қажылыққа барар алдында онымен байланысқа шығыпты. Шетелде жүріп те олар жиі сөйлесіп тұрған. Ал Алматыға оралған соң қайта кездескен, деп жазды inbusiness.kz сайты.

Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жанжал 8 ақпанда болған. Актердің айтуынша, ұрыс содан 1 күн бұрын басталыпты. Әлия оның менеджері қызметін атқарғандықтан, жұмыс барысындағы түсініспеушілік болған. Әлеуметтік желі арқылы ұрысып, кейін актер оны бұғаттап тастапты. Бірақ Әлия актердің үйіне келген. Сол жерде сөз таластырып, Бөтеева лифтке қарай кеткен. Серік Шәріптің сөзінше, қыздың айтқан сөздері көңіліне тиген, бұдан соң ол артынан жүгіріп барып, лифтіден шығарып алған.

Оқиғадан кейін олар пәтерге кіріп, қайта жанжалдасқан. Сол кезде актер қыздың бетінен ұрған. Олар түні бойы сөйлесіп, бір-бірінен кешірім сұраған және содан кейін көріспеген. Әлия бейнежазбаны жариялағанға дейін араларында еш байланыс болмаған екен.

"Мен бұл диалогпен өзімді ақтауға тырысып жатқан жоқпын, бейнедегі іс-әрекетім үшін кінәлімін. Әлі күнге дейін неге артынан жүгірдім деп ойлай беремін" – дейді актер.

Қыздың екі айдан кейін бейнежазбаны жариялаған себебіне қатысты сұраққа Серік Шәріп оның "сабақ болсын!" деген мақсатпен жасағанын жеткізді.

Cancel culture: Қоғам актер ісін қалай қабылдады

Лифтідегі бейнежазбаның әлеуметтік желіге таралып кеткені туралы Серік Шәріпке ең әуелі досы хабарлаған екен. Бастапқыда актер не болып жатқанын түсінбеген. Оның электронды поштасы мен әлеуметтік желідегі ашулы хаттарға толған. Журналисттер, блогерлер жаппай қоңырау шала бастапты.

Кейіннен оған жұмыс берушілері хабарласады. Алдымен Salem Social Media өкілдері қоңырау шалып, беделге нұқсан келу қаупіне байланысты оны жобалардан уақытша шеттеткендерін жеткізген. Бұл шектеудің мерзімі әзірге белгісіз.

Нәтижесінде, бірнеше жоба тоқтаған. Атап айтқанда, Серік Шәріптің қатысуымен түсірілген "Патруль: Соңғы бұйрық" фильмінен оның көріністері қиылып тасталды; "Шақал", "Мяу", "Алаяқтар" фильмдерінің продюсерлері онымен жұмыс істеуден бас тартты; "Qarga" телехикаясының үшінші маусымы тоқтатылды; Актер коммерциялық жобалардан да шеттетілді.

"Басында бәрі бітті деп, өмірден түңіліп, суицид туралы ойладым. 13 жылымды киноматографияға арнағанымды еске алдым. Бұл мен үшін үлкен сынақ", – деді актер.

Бишімбаевпен салыстыру

Сұхбатта Серік Шәріп өзін Қуандық Бишімбаевпен салыстыру мәселесіне тоқталған. Әлеуметтік желілерде оның ИВС-қа қамалуы алдында Бишімбаевтың актерді жұбатып жатқанын бейнелеген, яғни, жасанды интеллект жасаған ролик тараған болатын.

"Мен кісі өлтіруші емеспін. Біреу айтар "Сен екінші Бишімбаев боласың" деп. Бірақ мен олай санамаймын. Бұл – оның өмірі, оның тағдыры, оның қателігі. Сол күні мен Әлиямен жанжалдасудан қашқақтадым. Өзімді ақтап жатқан жоқпын, иә, мен қателестім. Бірақ мұндай салыстырулар – қорлау деп санаймын. Бұл екі бөлек оқиға. Мен басқа саланың адамымын. Барлығы тек менің ер адам екенімді көріп, кінәлі деп қабылдайды", – деді Серік Шәріп.

Актер сондай айыптаулардан кейін өзіне тіл тигізу фактісі бойынша полицияға арыз жазғанын да қоса айтты.

Say Mo-мен өмірі және қалай айырылысты

Сұхбатта Әлішер Елікбаев Серік Шәптің Әлия Бөтеевамен болған жағдайға дейін қазақ рэпері Мөлдір Есембекпен (Say Mo) болған қарым-қатынасы туралы да сұрады. 2020 жылдың қарашасында актер мен Say Mo некеге отырған болатын. Кейінірек рэпер олар ресми түрде ажырасқанын және өз сөзінше, "абьюзермен" бірге тұрғанын мәлімдеген.

Бөтеевамен болған жанжал кезінде Say Mo ашық түрде Әлияны қолдаған.

"Біз Say Mo екеуміз қарым-қатынаста болдық. Мен оны жақсы көрдім, ол мені жақсы көрді. 2020 жылы карантин кезінде бірге болып, үйден шықпаған кезімізді әлі еске аламын. Бір рет те ұрыспадық, фильмдер көріп, уақытты бірге өткіздік. Ол керемет адам, талантты әртіс. Ол маған көп нәрсе үйретті. Сол уақыт үшін ризамын", – деп бастады сөзін актер.

Ал Say Mo-ға қатысты күш қолдану туралы сұраққа Серік Шәріп оған "қол көтермегенін" алға тартты.

"Бұл сұраққа қалай жауап берерімді білмеймін. Оны ұрдым не қол көтердім деп айта алмаймын. Ондай жағдай болған жоқ. Ұрыс-керіс, сөз талас болды – бірақ ол бәрімізде де болады ғой. Бұл мені ақтамайды. Бірақ ол интернетте айтқандай "өмірімді тозаққа айналдырды" дегенге келісе алмаймын. Көп нәрсені есіме түсіре алмаймын. Егер қазір бірдеңе қосып не алып тастасам, ол шындыққа сай келмейді", – деп жауап берді.

Сұхбаттан кейінгі қоғамның реакциясы

Осы тұста әлеуметтік желі қолданушылары сұхбатты әртүрлі қабылдағанын айта кетейік.

Кейбір белсенділер актерді айыптап, блогер Әлішер Елікбаевтың одан сұхбат алуын қаралаған. Көбіне белсенділер ер адамдардың әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың ауырлығын түсінбей келе жатқанын айтқан.

Өз кезегінде блогер Әлішер Елікбаев та үнсіз қалмады. Ол "негативті пікірлер жазып жатқан адамдар сұхбатты толық көрмегенін, тек үзінділерін қарағандар" екенін жеткізген.