«Пышақтың жүзін байқадым»: Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта екінші куәгер қыз оқиғаның қалай болғанын баяндады
Куәгер Дана Жақсыкелді сотталушылардың бірі пышақтың жүзін энергетикалық сусынмен жуғанын айтты
Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Сотталушыларрмен бірге болған қыздардың бірі Дана Жақсыкелді сотта оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Куәгер Ілиясов Нұрқияс, Сакиев Равиль, Шынасыл Абзал, Тоқтаубаев Азамат, Тоқтаубаев Нұрболды танитынын мойындады. Айтуынша, 4 қазанға қараған түні құрбысы екеуін Равиль “Эйфория” кавесіне шақырған.
“Кафе сағат 12:00-де жабылатын болғандықтан ол жерден шықтық. Қайтқалы тұрғанбыз. “Қыздар, сендердің апарып тастайық” деп Нұрқияс айтты. Сөйтіп Нұрқияс, мен , Равиль, Эльмира Mercedes Benz W140 көлігіне отырдық. Шыңғыс рөлде болды. Алдында Азамат отырды. Жолдан дүкенге кіре салайық деді. Бізде де темекі біткен еді. Сөйтіп Қамажай дүкеніне бардық. Дүкеннің алдында бір топ ұл тұрды. Нұрқиястар сөйлесіп қайтайық деп көліктен түсті. Біз 1-2 минуттан кейін темекі алуға дүкенге кірдік. Бірінші Эльмира, кейін мен кірдім. Темекі сұрадық, бірақ сатпаймыз деді. Дүкеннен мен бірінші шығып кеттім, артымнан Эльмира шықты”, – дейді куәгер.
Жақсыкелдінің сөзінше, төбелес басталып кеткен кезде оны хабарлау туралы ойламаған.
“Қамажай” дүкеніне келгенде сыртта 6-7 баладай тұрды. Төбелесті кім бастағанын білмеймін. Төбелес көшенің арғы бетінде болғандықтан мен көліктің ішінде 5 минуттай отырдым. Кейін шығып 2-3 метр жүріп, “қайтайық” деп ұлдарға айғайладым. Көлікке отырған соң бәрі келе бастады. Сөйтіп машинаға бірге отырдық. Сонымен қайтайық дедік. “Қазір” деп тағы “Три семерки” дүкеніне бардық. Сөйтіп дүкенге Шыңғыс, Эльмира, Нұрқияс үшеуі кірді. Эльмира дүкенге кіріп энергетикалық сусын алып шықты. Энергетикалық сусын ішті ме, жоқ па білмеймін. Бірақ оны көліктің капотына қойды. Абзал “капотта тұрған энергетикалық сусынды бере салшы” деп сұрады. Ол еңкейіп тұрды. Қолын сүртіп тұрса керек. Энергетикалық сусын алып келген соң “құя салшы” деді. Құйып жатқан кезде, басында көрмедім. Кейін пышақтың жүзін байқадым. Не үшін жуғанын білмеймін», - дейді куәгер.
Дана Жақсыгелді оқиға кезінде не себепті жедел жәрдем шақырмағанын түсіндірді.
“Бір жағынан ондай төбелес болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Телефоным өзімде болды, бірақ қуаты бітіп қалды ғой деймін, есімде жоқ. Өз өмірім үшін қорықтым, сол үшін ешкімге хабарласқан жоқпын. Мылтықтың даусын естігенде қорқып, не істерімді білмей қалдым”, – дейді Дана Жақсыкелді.