“Шерзатты денеммен жаптым”: Прокурор марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды
Шерзаттың ағасы Нұрғанат тергеу кезінде оқиғаның қалай болғанын айтқан
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында прокурор марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауаптарын оқыды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұм сол күні қалай болғанын, барлығын егжей-тегжейлі айтып берген. Келіспеушілік Қаржаубай мен Дархан арасында туған. Оның жалған түбіртек көрсетуінен басталған.
“Шапка киген Дархан Шерзатпен ерегесіп тұрды. Не болды десем, Қаржаубайға дөрекі сөйлеген екен. Шерзат “кетпейсіз ба, әкеме неге дөрекі сөйлейсіз” деді. Бірақ ол Шерзатты шешесінен тілдеген. Сосын Дарханға “Не керек, қалай шешеміз?” дедім. Сау күйде сөйлесейік деп сабырға шақырдым”, – делінген жауапта.
Мәлімдеуінше, Дархан Нұрболға хабарласқан. Нұрғанат оны таниды екен.
“Нұрбол гольф көлігімен екі бала болып келді. “Хуторскиймін, мені танисың ба” деді. “Ертең сөйлесейік, не керек” дедім. Нұрбол боқтап бастады. “Нұрбол агрессия көрсетіп, бірақ “өзім төлеймін” деп ақысын төлеп тастады. Қол алысып, бәрі қайтады. Қаржаубай, Шерзат үшеуміз дүкенге кірдік. Бірақ Нұрболдар қайта келді”, – делінген жауабында.
Сөзінше, Нұрболдың қолында пышақ болған. Нұрғанат оны сабырға шақырған.
Алайда Нұрбол “Чика” (Шыңғыс), Нұрқиясты дүкенге шақырды деген.
“Шерзат көлікке мініп, кетіп қалды. Нұрбол “кешірім сұрадың ғой, жарайды” деп басылғандай болды. Алайда екі көлік келді. Чика менімен амандасты. Түрің таныс қой десем, “шалмын” деді. Дүкенге қарай келді де, “делайте жігіттер” деп айтты. Осыдан кейін ерегес басталды. Бірінші мені Нұрқияс ұрды, мен оның өзін ұрдым. Соққым көкірегіне тиді. Ал Қаржаубайды есіктен бір қыз жібермей тұрды. Бір кезде араға пышақ шықты. Көліктен бір қыз пышақ алып шығып, Нұрқиясқа әкеліп берді. Пышақты көріп, қорықтым да “қояйық” дедім. Нұрқияс маған пышақты екі рет сермеді. Артынша маған Абзал атылды. Бір кезде Шерзат атып шығып, Абзалды ұрады. Маған 10 шақты бала жабылды. Шерзат “қашайық” деді. Мен оған қашсын деп айттым”, – делінген. ”, – деп оқыды прокурор Нұрғанаттың жауабын.
Төбелес кезінде Шерзат ағасы Нұрғанатқа өзіне бірдеңе тығып алғанын айтқан.
“Жедел жәрдем шақырайық” деп айқайладым. Шерзатты денеммен жаптым. Бірақ олар мені ұрды. Арамызды ашқысы келді. Абзал мен Нұрқияс маған пышақ сұқты. Жамбасыма тықты. Сосын басымнан тепті. Тағы біреу ұрған кезде Шерзатты жіберіп қалдым. Жеңгем оны денесімен жауып жатты. Есімді жинағанымда ауруханада болдым”, – делінген жауапта.
Нұрғанат өзінде ешқандай мылтық болмағанын айтқан.