Басты жаңалықтар

«Сол күні жиналыс өткізген»: Берденовке жасалған шабуылға қатысты жаңа деректер шықты

Шымкент әкімдігі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты тың мәлімет хабарлады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Tengrinews.kz сауалына берген жауабында Шымкент әкімдігі шабуыл болған күні Руслан Берденов жиналыстар өткізгенін хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, 21 сәуір Руслан Берденов үшін қалыпты жұмыс күні болған. Күндіз ол әкімдіктің аппараттық отырысына, сондай-ақ, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің төрағалығымен онлайн форматта өткен жиналысқа қатысқан. Жұмыс барысында қала әкімінің орынбасары Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқарма басшыларымен бірнеше жиналыс өткізген.

Әкімдік өкілдері Берденов сол күні шабуыл жасаған адаммен кездескен-кездеспегенін нақтыламаған.

"Оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын Руслан Берденов жұмыс жоспары бойынша қаладағы құрылыс нысандарын аралап, азаматтарды жеке қабылдап, жұмыс комиссиясымен бірге құрылыс инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше кездесу өткізді", - деді әкімдіктегілер.

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.

Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.