«НеМолчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Қазақстан билігін өзіне жала жапты деп айыптады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:31
- 26

«НеМолчи» қорының негізін қалаушы Динара Смаилова, яғни Дина Таңсәрі Қазақстанның құқық қорғау органдарын өткір сынға алды. Бұл туралы ол Черногория астанасы Подгорицада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық және черногориялық журналистерге берген сұхбатында Смаилова 2017 жылдан бері "заңсыз қудалауға" ұшырап келе жатқанын айтты.
«Осы жылдар ішінде маған қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалды, оның екеуі қылмыс құрамы болмағандықтан жабылды. Барлық істер полиция қызметкерлерінің өз рапорттары негізінде қозғалған, ал бұл істерде зардап шеккен тараптар мүлде жоқ», – деді ол.
Құқық қорғаушының айтуынша, ол 2021 жылы халықаралық ұйымның шақыруымен күйеуімен бірге Тбилисиге көшіп, Қазақстаннан кеткен. 2023 жылы ерлі-зайыпты Түркияға бірнеше күнге барып қайтқан. Алайда Смаилованың айтуынша, Грузияға қайта оралуға тырысқан кезде оларға елге кіруге рұқсат берілмеген.
«Біз Қазақстан билігі Грузия билігіне бізді елге кіргізбеу туралы өтініш жасаған деп ойлаймыз. Нәтижесінде бізді сол ұшақпен мәжбүрлі түрде Түркияға қайтарды. Сол сәтте бізге жаңа өмір бастайтын ел таңдау қажет болды. Бірнеше себепке байланысты Черногорияны таңдадық: дәрігерім маған денсаулығыма байланысты теңіз жағалауындағы елге көшуге кеңес берді. Черногория – НАТО құрамындағы ел, Еуроодаққа кандидат. Біз бұл елден қорған табамыз деп сендік», – деді ол.
Смаилова 2024 жылы Қазақстанда өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істерге де түсініктеме берді. Оған жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғу, алаяқтық баптары бойынша күдік келтірілуде. Ол бұл істердің саяси астары бар деп санайды.
«Барлық донорларымыздан жауап алды. Олардан менің үстімнен арыз жазуды талап етті. Тергеушілер кешкі уақытта келген, үйге үш-төрт полиция қызметкері бірден барған. Психологиялық қысым жасалған. Нәтижесінде жеті адам арыз жазды – бұл жеті мыңнан астам сұралған адамның ішінен шыққан жеті ғана адам. Олар полицияның қысымымен маған арыз жазған. Жалпы залал сомасы – шамамен 40 еуро ғана», - деді ол.
Сондай-ақ, Таңсәрі өзіне қарсы PR-кампания ұйымдастырылғанын да мәлімдеді.
«Билікке жақын және ресейшіл блогерлер мен қор туралы жала жауып, хейт-контент таратты. Бұл – менің өмірімдегі ең ауыр кезең болды», – деді құқық қорғаушы.
«НеМолчи» ұйымының басшысы сөзін аяқтай келе, Қазақстанның құқық қорғау жүйесін жала жабу және жеке деректерді заңсыз тарату бойынша айыптады.
«Мен, Динара Смаилова, Қазақстанның құқық қорғау жүйесін мен туралы жалған ақпарат таратқаны үшін, мен және мен басқаратын қор туралы жалған пресс-релиздер жариялағаны үшін айыптаймын.
– Мен, Динара Смаилова, Қазақстанның құқық қорғау органдарын менің жеке деректерімді заңсыз таратқаны және “НеМолчи” қорының донорларын заңсыз қудалағаны үшін айыптаймын.
– Қазақстанда фемицид кең етек жайған, заңдар – тек декларативті сипатта, ал үкімет әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың нақты санын мұқият жасырып отыр», – деді ол.