«Құрттар мен жәндіктерді жеуге мәжбүрлеген»: Қарағандыда 6 бала асырап алған отбасына қатысты жаңа деректер айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 сәуір, 2025
- 15

Қарағандыда алты баланы асырап алып, бірнеше жыл бойы қорлаған қамқоршыларға қатысты іс бойынша сот жалғасып жатыр. Отырыс барысында қатыгездік әрекеттері туралы бірнеше дерек анықталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі kazinform.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор жетім балаларды патронатқа алып, оларды қорлаған отбасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.
Аталған іс бойынша отағасы, оның жұбайы және олардың үлкен қызына айып тағылып отыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, олар патронатқа алынған алты баланы ұрып, қорлағаны анықталған. Кішігірім шалыс басса, сотталушылар балаларды қолға түскен нәрсемен ұрған.
"Айыпталушы И. кәмелетке толмаған баланы күн сайын азаптаған, яғни түрлі заттармен: оқтаумен және көсеумен сабаған. Балаларды ішінен, денесінен және басынан ұрған. Ауыр жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Сәл бағынбаса, денесіне зақым келтірген: кілемге орап, оқтаумен ұрған. Баланың үстіне секіріп, психикалық азап келтірген. Сабақтан кейін далаға шығармай, оларды дәретханаға ғана жіберіп отырған.
Балалар даладағы дәретханаға тез жүгіріп, дереу қайта оралулары керек болған. Олардың тамақтануға, әлеуметтік бейімделуге деген қажеттілігін елемеген. Бақшадағы жұмыстарды істегенде тезек арасынан шыққан құрттар мен жәндіктерді жеуге мәжбүрлеген. Түнде аулаға қуып шығып, иттің күркесінде түнеуге мәжбүрлеген. Басқа бөлмеде бөлек тамақтандырып, оларға етсіз бұқтырылған макарон ғана берген. Ал өзінің туған балаларын толыққанды тамақтандырған. Оның үстіне, тамақтану кезінде балалардың тамағына жануарлардың нәжісін қосып, оларды жеуге мәжбүрлеген", — деп прокурор Медеу Жақанов айыптау актісін оқыды.
Құжатқа сәйкес, бұл әрекеттерге толықтай отбасы қосылған. Әкесі, анасы және үлкен қызы асырап алған балаларды қатты ұрып-соққан. Сараптама қорытындысы бойынша балалардың денесінде соққының іздері анықталған. Тек бір ғана баланың басында 47 тыртық болған. Алайда, олар бұрын салынған соққы болғандықтан, жарақат қашан алынғанын дәл анықтау мүмкін емес. Бірақ балалар бұл жаралардың бәрін асырап алған отбасы мүшелері қалдырғанын бірауыздан мойындап отыр.
Қазір балалардың бір бөлігі жетімдер үйінде. Бір үйдің үш баласы әжесінің қолына көшкен. Ағайынды балаларды туған әжесі бірнеше жыл бойы асырап ала алмағанын айтады. Себебі немерелері бұрынғы келіннің атына жазылған, сондықтан тегі де басқа болған. Алайда балалардың әкесі қайтыс болған соң, әжесі заңгерлерге жүгініп, қамқоршылық құжаттарын рәсімдеген. Балалардың анасы балаларды күйеуімен ажырасқаннан кейін жетімдер үйіне тапсырып жіберген. Сол жерден балаларды сотталып жатқан осы отбасы асырап алған.
"Қазір балалардың жағдайы жақсы. Бірақ оларда әдет пен үрей қалып қойған. Балаларды қайта тәрбиелеуге тура келеді. Немерелеріме ештеңе үйретпеген. Тек бақшада жұмыс істетіп, малдың соңына салып қойған. Олар таңертең жуынып, төсек жинауды да білмейді. Ас үйге ешқашан кіріп көрмеген. Маған оларды қайта тәрбиелеу оңайға соғып жатқан жоқ. Бұл қылмыскерлер немерелерімнің балалық шағын ұрлады. Оларды әбден азаптады.
Үлкен немеремнің бетін қайнаған сумен күйдірген. Тістерін тазалағанда оларға тіс пастасын түкіртпей, жұтуға мәжбүрлеген. Енді пастаны көргенде жүректері айниды. Бақшада жұмыс істегенде балаларға құрттар мен жәндіктерді жеуге мәжбүрлеген. Мұны бүкіл отбасымен жасаған. Балалар әбден қорқып қалған. Қазір жайлап үйреніп келеді. Бірақ құшақтайын десек бірден бастарын жауып қорқа бастайды", — дейді үш баланың әжесі.