Басты жаңалықтар

«Екі жігіт жерде жатты»: куәгерлер Шерзат Полат қаза тапқан күні көрген оқиғаларымен бөлісті

Куәгерлер оқиға орнын сипаттап берді

Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде куәгерлер сол түні көрген деректерімен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Куәгер Дарын Жанболатұлының айтуынша, сол күні «Қамажай» дүкенінің маңында жүрген.

«Біз барғанда бір көршіміз ештеңеге тимеңдер деп ескертті. Полиция келгенге дейін жерде қан, оқ пен кілт жатқанын көзім шалды. Бірақ оларды кейін кімнің алып кеткенін көрмедім», – деді куәгер.

Сонымен бірге ол дүкен алдында екі жігіттің жерде жатқанын байқағанын айтты.

Екі жігіт жерде жатты. Кейін туыстарының бірі оларды көтеріп, бірін көлікке отырғызды. Ал екінші адам қайда қалғанын көрмей қалдым. Сондай-ақ екі оқ-дәріні бір әйел алып, сол көлікке мініп кетті», – деді ол.

Ал куәгер ретінде жауап берген 20 жастағы Арлан Құсайынов күдіктілерді де, жәбірленуші тарапты да танымайтынын айтты.

«Біз сол күні әкімдік алдында үш көлікте тұрғанбыз. Сол сәтте досымыз Данияр Жанболатқа анасы қоңырау шалып, “ана жақта оқ атылып жатыр, үйге қайтыңдар” деп ескерткен. Осыдан кейін бәріміз автобаза жаққа беттедік. Мен ең соңынан келдім. Жолда досыммен сөйлесіп болғанша, көліктен түсуге үлгермей қалдым. Ол кезде бәрі тарап кетіпті», – деді Арлан.