Басты жаңалықтар

16 жастағы Шерзат Полат өлімі: куәгер сот отырысында 10 жігіттің бір адамды ұрып жатқанын көріп қалғанын айтты

Куәгер сол түні атылған мылтықтың даусынан оянып кеткен

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында “Қамажай” дүкенінің жанындағы 5 қабатты үйдің тұрғыны куәгер ретінде жауап берді. Ол өзін камераға түсірмеуді сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Куәгер Сәкен Әкежанов былтыр қазанның 3-нен 4-не қараған түні мылтықтың дауысынан оянып кеткен айтты. 

“Үйде ұйықтап жатқанмын. Екі рет атылған мылтықтың дауысын естідім. Шота Руставели көшесінде мотциклмен жиі жүреді. Алғашында солар деп ойладым. Бірақ кейін “Көмектесіңдер! Жедел жәрдем шақырыңдар” деген әйелдің дауысын естідім. Балконға шықсам, шамамен 10 жігіт бір адамды ұрып жатыр екен. Олардың бірі қандай да бір затпен соққы жасап жатты. Мен: “Жігіттер, жетеді, өлтіресіңдер ғой” деп айқайладым. Осыдан кейін бірден жедел жәрдемге қоңырау шалдым", – деді куәгер.

Адвокаттар Сәкен Әкежановтың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабына күмән келтірді. Қорғаушылар куәгердің жауабы тергеу кезінде айтқандарына ұқсамайтынын айтты. 

“Мен жігіт келіп, жерге отырды деп айтқан жоқпын. Мен балконға шыққанда ол жерде отырған еді, оын ұрып-соғып жатты. Сондай-ақ оның қолында бір зат болды және ол затты айыпталушылардың бірі тартып алды деп нақты айтқан жоқпын. Ол затты жерден алды ма әлде жігіттің қолынан алды ма, білмеймін. Ол заттың мылтық не басқа зат болғанын дөп басып айта алмаймын”, – деді ол.