Қоғам

ҚазҰПУ-да Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісінің салтанатты ашылу рәсімі

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісінің салтанатты ашылу рәсімі. Сонымен қатар, Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Көркемдік композиция Кеңес Одағының батырлары – Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов, Жолдыбай Нұрлыбаев және майданға аттанған 114 ҚазПИ (қазіргі - Абай атындағы ҚазҰПУ) студенттері мен оқытушыларына тағзым ретінде қойылды.

Ескерткіштің ашылуы – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларымызды ұлықтап, олардың есімдерін ұрпақ санасында мәңгі есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шараға университеттің басқарма басшылығы, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы және білім алушы белсенді студент жастар қатысты.

Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп құттықтау сөзінде: «Осы күнге дейін университетімізден майданға аттанып, Кеңес Одағы батыры жоғары дәрежесіне ие болған 8 тұлға белгілі болған болса, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біздің тарихшы ғалымдарымыздың зерттеп-зерделеуімен, архивтік құжаттарды қайта қарап, жұмыстануының нәтижесінде тоғызыншы батырдың да осы университеттен шыққаны анықталып отыр. Осы орайда университет түлектерінің қолдауымен арнайы белгі тас орнатылып жатыр. Бұл белгі – университетімізден майданға аттанған оқытушылар, ғалымдар мен студенттердің ерлігіне, бабалар рухына тағзым ретінде қойылды», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, ашылу рәсіміне Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы арнайы қатысып, әкесінің ғылыми мұрасын сақтау мен насихаттау бағытындағы жұмыстар жайында баяндап, оның ұлттық ғылым мен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Сондай-ақ, аталған іс-шара аясында Мәлік Ғабдуллиннің 1958 жылы жарық көрген «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты ғылыми еңбегі қайта басып шығарылды. Бұл еңбек - ұлттық руханияттың алтын қорына енген, өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған, жас ұрпақтың рухани дамуына бағытталған құнды мұра. Университет бұл басылымды қайта жарыққа шығару арқылы халықтық мұраларды дәріптеп, студенттер бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздеп отыр.

Айта кетсек, Мәлік Ғабдуллин 1944–1951 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де (қазіргі - Абай атындағы ҚазҰПУ)  ректор қызметін атқарып, білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан.