“Аяқ-қолым қап-қара болып көгеріп кеткен”: базардан қақталған балық жеген келіншек денсаулығынан айырылды
Әйел балық жеген күннің ертесінде қатты ауыра бастаған
Базардан қақталған балық сатып алып жеген жас келіншек денсаулығынан айырылған, хабарлайды деп KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Бота Бурханова есімді келіншек журналист Жанар Байсемізоваға берген сұхбатында айтып берді.
Оқиға былтыр жазда болған. Айтуынша, 3 тамыз күні балаларымен базарға барған.
“Үйге келген соң балаларыма бермей, тек өзім жедім. Ертеңіне дене қызуым көтеріліп, құса бастадым. Бірақ аса мән бермедім", – дейді Бота.
Келесі күні әйелдің аяқ-қолы жансыздана бастаған. Бірден ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскен.
"Дәрігерлер мені өледі деп ойлапты. Туыстарыма да солай айтқан. Аяқ-қолым қап-қара болып көгеріп кеткен. Қолдағы тамыр табылмай, мойныма ине салып, плазма мен наркоз жіберді. Сол сәттен бастап ми қызметі де әлсіреген", – дейді Бота.
Шетелде демалыста жүрген анасы қызының ауырғанын ести сала елге оралған.
"Египеттен ала келген зәмзәм суымен мені жуындырып, үздіксіз дұға оқыды. Содан кейін ғана жағдайым біртіндеп жақсара бастады", - дейді ол.
Бірақ Қазақстандағы емдеу нәтижесіз болған. Сөйтіп туыстары Ботаны жедел түрде Түркияға апарған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін аяқ-қолын кесуге мәжбүр болған.
"Алақанымды аман алып қалу үшін ішімнен тері кесіп алып, тігіп берді. Аяқтарыма 11 сағатқа созылған ота жасалды. Қатты қарайып кеткендіктен, ампутация жасауға тура келген", – дейді келіншек.