Саясат

"Өте қиын болды": Руслан Берденов басынан өткен жағдай туралы айтты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қазіргі жағдайын айтып, мәлімдеме жасады

Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оққа ұшқан Руслан Берденов жағдайын айтып, көпшілікке өз алғысын білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов желідегі парақшасында бөлісті.

«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын.

Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді», - деп жазды Берденов.

Ол ауруханадан шыққанан кейін күнделікті тіршілігіне оралатынын мәлімдеді.

«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», - дейді әкімнің орынбасары.