Қоғам

« - 40 градусқа дейін қатты ыстық»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

Ел бойынша жел күшейіп, оңтүстікте құмды дауыл соғуы мүмкін

"Қазгидромет" синоптиктері 15, 16 және 17 мамырға арналған ауа райы болжамын жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы сақталады. Күндізгі уақытта термометр бағандары оңтүстік өңірлерде 35-44 градусқа дейін, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда 35-37 градусқа дейін ыстықты көрсетеді.

Абай және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Қарағанды облысында 40 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.

Алайда 16 мамырда еліміздің батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін.

"17 мамырда Қазақстанның басым бөлігінде найзағай соғып, жаңбыр, бұршақ, кей өңірлерде нөсер мен дауылды жел күтіледі. Осыған байланысты солтүстік аймақтарда күндізгі температура 18-28 градусқа дейін төмендейді. Алайда оңтүстік өңірлерде әлі де 43 градусқа дейін қатты ыстық сақталады", – дейді синоптиктер.

Ел бойынша жел күшейіп, оңтүстікте құмды дауыл соғуы мүмкін.