COVID-19-дың өршуі: Денсаулық сақтау министрлігі ескерту жасады
Басқа елдерде ковидпен ауырғандар санының артуына байланысты қазақстандықтарға ұсыныс жасалды
Азияда COVID-19-дың өршуіне байланысты елдегі сырқаттанушылық пен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Қазақстанда 329 адамнан ковид анықталған, қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ.
«Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,7 есеге азайған. Республика бойынша аптасына 25 жағдайға дейін тіркеледі", - делінген министрліктің хабарламасында.
Басқа елдерде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі келесілерді ұсынады:
- жіті респираторлық инфекциямен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;
- қолды, әсіресе науқас немесе олардың айналасындағы адамдармен тікелей байланыстан кейін жиі жуу;
- үй-жайларды тұрақты түрде желдету;
- ауру симптомдары байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну.