Тараз кафесінде соққыға жығылған депутат оқиғасы бойынша күдіктінің әйелі дау неден туғанын айтты (ВИДЕО)
Күдіктінің әйелінің айтуынша, депутат бейәдеп сөздер айтқан
2025 жылғы 13 мамыр күні шамамен сағат 18:00-де Тараз қаласындағы «Ғибрат» кафесінде Алматы облысы Іле ауданының мәслихат депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиев пен қала тұрғыны арасында алдымен жанжал, соңы төбелеске ұласқан еді. Ақырында заңгердің бет сүйегі сынып ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Депутаттың бет сүйегін сындырды деген айыппен ұсталған азаматтың әйелі Бибігүл Жамалбек жанжалдың неден шығып, қалай өрбігенін айтты. Сөзінше, депутат жоқ жерден дау тудырып, өзін таяқтауға арандатқан.
«Біз отырған үстелге бөтен ер адам келіп, сәбиім жатқан жердегі резеткаға телефонның қуаттағышқа қоя бастады. Мен ол кісіге «Аға теелфоныңызды басқа жаққа қоясыз ба? Құласа баламның басына тиеді» деп айттым. Және қуаттағыштың денсаулығына зиян екенін айтып өтіндім. Ол кісі 1-2 секунд үндемей тұрып, артынша дөрекі түрде «Я сам знаю куда ставить это общественное место, розетка» деп жауап қайтарды. Сол кезде күйеуім де өтініш айтып еді, Нұрлан Байғазиев былапыт сөздерін айта бастады. Сол кезде күйеуім орнынан тұрып «Болды қояйық, басқа жерге қоя салсаңызшы» деп еді Байғазиевтің қасында отырған Әбдірайымов Бауыржан келіп, бұл жағдайды басудың орнына одан ары ушықтыра бастады. Сол кезде депутат Нұрлан Байғазиев телефонның камерасын қосып, провакацияны ары қарай жалғастыра бастады. Жанжал, ұрыс-керіс күшейе түсті. Сол кезде кафенің админстраторы және даяшы келіп оған телефонды қоюға болмайтынын түсіндірді. Бірақ ол айтқан сөзінен қайтпай тұрып алды», - дейді күдіктінің әйелі.