Қоғам

«Баласы сол жақта жалғыз»: Мысырда қаза тапқан Ақмарал Мұқанованың таныстары елшіліктен көмек сұрады

Полиция департаментінен зейнетке шыққан марқұм Ақмарал  Мұқанова Астанаға 3 жыл бұрын көшкен

Шарм-эль-Шейх әуежайында қаза болған Ақмарал Мұқанованың таныстары шетелде жалғыз қалған марқұмның ұлына елшіліктен  көмек керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Мысыр елінде қаза болған Ақмарал Мұқанованың жақындары денені туған жері Ақтөбе өңіріне әкеледі деп күтіп отыр. Таныстары шетелде жалғыз қалған марқұмның ұлынан кешеден бері хабар алмаған.

Бала кезден бірге өскен құрбысы бүгін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

“Алғашында қайғылы хабарды желіден көргенде ол деп ойламадым. Түстен кейін баласы "анамнан айырылып қалдым" деп жазды. Бірер күн бұрын өзі "демалыстамын, жақсымыз" деп хабарлама жіберген. Қазір баласы сол жақта жалғыз. Ол 22 жаста. Кеше хабарласып едім, бүгін байланыс жоқ. Елшілік көмектесеміз деп еді, бірақ айтпады. Әзірге тергеу жүріп жатыр. Оның денесін Ақтөбеге әкеледі. Туған жері осы жер. Үкімет, елшілік көмектессе екен дейміз. Себебі бала ол жақта жалғыз қалды әрі жас”, – деді құрбысы Венера Ысқақова.

Полиция департаментінен зейнетке шыққан марқұм Ақмарал  Мұқанова Астанаға 3 жыл бұрын көшкен. Полиция подполковнигі зейнетке шыққан соң ұлымен бірге жиі саяхатқа шыққан.

“Ақмарал екеуміз Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туып-өстік, мектеп бітірдік. Оқу бітірген соң ол ішкі істерде жұмыс істеп, зейнетке шықты. Кейін Астанаға көшіп кетті. Жалғыз ұлымен бірге тұрды. Ұлы оқуын бітірді. Саяхаттағанды жақсы көретін еді. Ата-анасы да осы жақта”, – деді Венера Ысқақова.

Венераның айтуынша, марқұмның денесін оқиға орнынан оқшауламай, бірден қан іздерін сүртіп тастаған. Бұл жағдай оның күдігін тудырып отыр. Құрбысы қазір тергеу жүргізіліп жатқанымен, істің жабылып қалуынан қорқады.

Марқұмның ұлы қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтынын айтты. Бірақ видео мәлімдеме жақындарына әлі келмеген.

Бұл мәселеге қатысты сыртқы істер министрлігі жауап берді.

“Елшілік жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Туыстарымен байланыста. Сақтандыру компаниясы барлық шығынды өз мойнына алады. Құжаттар дайындалады. Полициямен байланыс орнату, сақтандыру компаниясы, әуежайдың басшылығымен келіссөздер жүргізіледі”, – деп пікір білдірді сыртқы істер министрлігі.