«Депрессияда болдым»: марқұм Бейсен Құранбектің жұбайы алғаш рет сұхбат берді
Гүлмира Зербай марқұм күйеуінің қазасынан кейін қатты күйзеліске ұшыраған
Белгілі журналист, марқұм Бейсен Құранбектің жары Гүлмира Зербай алғаш рет ел алдына шығып ол туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Гүлмира ханым тележүргізуші әрі журналист Дана Нұржігітке сыр шертті.
«Өмірден өткеннен кейін әрине маған оңай болған жоқ. Депрессияда болдым. Балаларымыз болғаннан кейін бейсекеңнің ізін жалғастыру керек болған соң өзімді-өзім сүйреп шықтым барынша. Бастапқы кезде ол туралы әңгіме қозғалғанда көз жасымды эасыра алмай отыратынмын. Қазір салыстырмалы түрде сабырмен сөйлесе аламын. Өйткені Бейсекең туралы айтылу керек», - дейді марқұмның әйелі.
Ол Бейсен Құранбекпен алғаш танысқандары туралы айтып, етеліктерімен бөлісті.
«Мен Ақтөбенің қызымын. Алматыға аспирантураға оқуға келіп, “Спорт” газетіне корректор болып жұмысқа тұрдым. Ол жерде Сайын Тұрсынов деген кісі қызмет істейтін. Кейін білсем, мені сырттай бақылап жүріпті. Бір күні қасынан Бейсенді ертіп келіп, менімен таныстырды. Бас киімін көзіне түсіріп киіп алған. “Гулочка, мынау менің балам – Бейсен. Мені қалай сыйласаң, осы жігітті де солай сыйла” деді де, кете барды. Ал Бейсен ашылып көп сөйлей қойған жоқ. Тек “Қай жақтансың, атың кім?” деген қысқа сұрақтар қойды. Кейін Сайын аға “Мына қыз сенің кәрі шешеңді бағатын адам” деп айтыпты. Сол сөзден кейін бе, Бейсен редакцияға жиі келе бастады. Ол кезде оның жасы 27-де еді. Сөйтіп жүріп танысып, кейін отбасын құрдық», – деді Гүлмира Зербай.
Марқұмның қырық күндігін беруге дайындалып жатқанда анасы ұлының қазасына төзе алмай көз жұмған. Артынша әкесі, одан кейін артынан ерген бауыры да о дүниелік болып кеткен.
«Біздің әулетке 2020 жылы шынында да кәдімгідей опырылып қалдық. Бірінші Бейсекең кетті. Қырқын береміз деп отырған кезде анамыз кетті. Бейсекеңнің қазасына жүрегі шыдамады. Одан кейін көкеміз кетті, Бейскеңнің туған әкесі. Үлкен әжеміз 100-ге таяп қалған жасында ол кісіге де оңай болған жоқ. Ол кісі де жан тапсырды. Бейсекеңнің өмірден өткенін айтқан жоқ болатынбыз. Ол кісі өмірден өтер кезінде қызы қасында отырып «Шеше балаңыз шақырып жатса бара қойыңыз» деп еді. Енемнің көзінен жас домалап түсті де, жарты сағаттан кейін жан тапсырды. Ол кісі баласын командировкада деп ойлаған. Соны күтіп жатқан. Содан әжемізді шығарып салдық. Одан қайын інім кетті Бейсекеңнің артынан ерген. Мұның барлығы оңай болған жоқ. Жалғыз маған емес, әулетімізге қатты тиді», - дейді марқұмның әйелі.