Қоғам

Тимур Құлыбаев қолдаған ауыл чемпиондарын Министр марапаттады

Астанада Ұлттық мектеп лигасының ашылу салтанатында ауыл спортына серпін берген AUYLSPORT жобасының спортшылары мен жаттықтырушыларына ерекше құрмет көрсетілді.

Жасөспірімдер мен бапкерлерге Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Алғыс хаттар табысталды. Марапатты Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев табыстады. Бұл ауыл спортшыларының еңбегіне берілген әділ баға.

“Ауыл баласына жол ашқан жоба”

Салтанатты сәтте балалардың қуанышы ерекше сезілді. GYMNASIADE U15 сайысының жеңімпазы Нұртас Әлімбай толқынысын жасырмады:

«AUYLSPORT жобасы арқылы бұрын тек арман болып көрінген дүниелер шындыққа айналды. Министрдің қолынан марапат алу – мен үшін қол жетпейтін биік секілді еді. Бүгін сол арманым орындалды. Бұл – тек менің ғана емес, мен секілді мыңдаған ауыл баласының үмітіне жол ашқан жоба», – деді жас спортшы.

Нәтижесімен дәлелденген спорттық жоба

2024 жылы іске қосылған жоба қысқа уақытта еліміздің барлық өңірлерінде кең қолдау тапты. Бүгінде 10 мыңнан астам бала жүйелі түрде спортпен айналысып жүр.

Жобаның айқын жетістігі Сербиядағы халықаралық Гимназиада. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен 22 спортшының 12-сі – дәл осы бастама аясында тәрбиеленген жастар.

 «Министрлік тарапынан берілген бұл марапат – AUYLSPORT жобасының жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі, жобаға деген сенім мен алғыстың белгісі ғана емес, ауылдағы жас дарындардың биікке ұмтылуына берілген үлкен серпін. Бұл құрмет – болашақ жеңістердің бастамасы, Қазақстанның атын әлемдік ареналарда асқақтататын жаңа есімдердің жарқын негізі болмақ», дейді         Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Спортта қала мен ауыл тең

AUYLSPORT бастамасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен жүзеге асуда. Жобаның алғашқы кезеңінде 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысты. Halyk қоры ауыл спортына 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлді.

AUYLSPORT бұл ауыл жастары үшін тек спорт секциясы емес, жаңа өмір бағыты.

Halyk қорының қолдауымен жүзеге асқан бұл бастама тең мүмкіндік пен тең дәреженің айқын көрінісі.