«Сүт ішу зиян»: Германияда ота жасатқан танымал кәсіпкер қазақстандықтарға ескерту жасады
Айдын Рахымбаев сүттің ағзаға зиян тұстарын атап көрсетті
Белгілі кәсіпкер, BI Group құрылыс холдингінің негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев көпшілікке сүттің ағзаға зиян екенін айтты, деп KYN.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулығы сыр беріп ол Германияда ота жасатқан.
"Бірнеше жыл бұрын жүгіріп жүргенде менің тізем ауыра бастады. Тексеруден өтсем, буындарыма тұз жиналыпты. Германияда ота жасатып, бәрін тазалаттым. Ғылыми зерттеулер әлемдегі үлкен кісілерге сүттің зиян екенін дәлелдеген. Соның ішінде, Азиядағы қарт кісілердің 90 пайызына сүт ішу зиян болыпты. Мені бұл жаңалық тоқ соққандай, оятып жіберді", – деді ол.
Айтуынша, шетелдік дәрігерлер оның сүтті көп қолданатынын білгенде таңқалған. Өйткені зерттеулер бойынша сүттің ағзаға тигізер зиян тұсы да бар екен.
"Дакар алдында Еуропадағы тамақтану институттарының біріне бардым. Дәрігер менің анализдерімді тексеріп, сүтті қаншалықты көп ішетінім туралы сұрады. Мен таңертең сүтпен ботқа жейтінімді, сүт қосқан спорттық коктейль мен сүтті шай ішетінімді айттым. Дәрігер таңғалып, сүттің құрамында лактоза барын ескертті. Оны ересек адамның ағзасы көп жағдайда қорыта алмайды екен. Лактоза глюкоза мен галактозаға ыдырап, ағзадан толық шығып кетпейді. Галактоза (сүт қышқылы) буындарға жиналып, артрит пен тізеге тұз жиналуына әкеледі. Біздің аталарымыз сүттің зияны туралы білмесе де, біз заманауи зерттеулерді ескеруіміз керек. Бұл туралы жақындарыңызға айтып, ата-апаларға ескертіңіздер", – дейді кәсіпкер.