Досаев Алматы әкімі қызметінен кетті
Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінен кетті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі хабарлайды.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 12:00-де Алматы мәслихатының депутаттары жаңа қала әкімін тағайындауға келісім беру үшін жиналады.
Ерболат Досаев Алматы қаласын 2022 жылғы 31 қаңтардан бері басқарып келді.
Ол 1970 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
1987 жылы Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын бітірген.
Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін тәмәмдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы бастаған.
Мансап жолында Досаев премьер-министрдің кеңесшісі, энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, қаржы вице-министрі, министрі, Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, денсаулық сақтау министрі, экономикалық даму және сауда министрі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ұлттық экономика министрі, премьер-министрдің орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарған.
Сондай-ақ ол әр жылдары, Қазақстанның даму банкі директорлар кеңесінің, "Қазинвестбанк" АҚ директорлар кеңесінің, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы басқармасының және Ұлттық банктің төрағасы болған.
2022 жылғы 31 қаңтарда президент жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.