Әйелін ұрған дипломат Сәкен Мамаштың соты кейінге шегерілді
Әйелін ұрып-соққан Сәкен Мамаштың сот отырысы 6 маусымда өтетін болды.
«Әйелін ұрып-соқты» деген дипломат Сәкен Мамаштың соты кейінге шегерілді. Барлығына себеп - бүгін өтуге тиіс болған алдын ала сот тыңдалымына жәбірленуші тарап келмей қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Он жыл бойы күйеуімнен жәбір көрдім» деген Карина Мамаш, неге екені белгісіз, Астанадағы мамандандырылған ауданаралық сотта бүгін төбе көрсетпеді. Экс-елшінің өзін де қарауылдар, шамамен, жарты сағатқа кешіктіріп жеткізді. Келіншегін үнемі ұрып-соқты деп айыпталған Мамашқа қатысты қылмыстық іс былтыр қозғалған болатын.
Еске салсақ, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі әйелін ұрып-соғып, күн көрсетпей жүргені туралы ақпар былтыр мамыр айында шығады. Сыртқы істер министрі Сәкен Мамашты елге кері қайтарып, лауазымынан айырды. Некелі жары Карина Мамаш та үйіне оралған-ды. Ол келген бойда телеарнамызға басынан өткен небір сұмдық жағдайды есіне алып сұхбат берген. Күйеуінің соққыларынан Карина көру қабілетінен де біртіндеп айырыла бастағанын айтқан. Мамаштың әйелі фото-видео айғақтармен айтқан сөзін дәлелдеген соң, дипломатқа қатысты қылмыстық іс қозғалады. Сот отырысы енді 6 маусымда өтеді.