Қазақша сөйлейтіндерге қатысты жазған: заңгер Ержан Есімхановтың басы дауға қалды
Желіге қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазба жариялаған Ержан Есімхановтың басы дауға қалды
Белгілі заңгер Ержан Есімханов әлеуметтік желіде қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты жазба жариялап, басы дауға қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол Threadste-те көне тілдерде мәтіндерді қалпына келтіріп, ерекше контент жасайтын Arum Natzorkhang есімді блогерге қатысты пікір білдірген. Сол жерде қазақша сөйлейтіндерге мысқылдаған.
Біздің “қазақшасөйлешниктерге” қайдан жетсін (“Куда там нашим казакшасойлешникам”-ред.), – деп жазған заңгер.
Алайда Есімханов желіде қызу талқыға түскен сөзіне пікір білдірді.
“Қазақ тілін насихаттаудың екі жолы бар: бірі – сабырмен, достықпен үйренуге шақыру, көмектесу. Екіншісі – тіл білмейтіндерді қорлау, айқайлап «Қазақша сөйле!» деу. Мен соңғысына қарсы болдым”, – деді Есімханов.
Сондай-ақ ол орыс тілді ортада өскенін алға тартты. Сол себептен қазақ тілін білмейтінін, бірақ үйреніп жүргенін айтты. Ол өзіне тағылған «патриот емес» деген айыптауларға да жауап берді.
“Басқалар жазуға қорқатын дүниелерді мен жазамын. Ресейдің Украинаға басып кіруін алғашқылардың бірі болып ашық айыптадым. Шерзаттың ісін қоғам назарына шығарғандардың қатарында болдым – ол жазбамды 1,5 миллион адам оқыды. Сондықтан кімге қарсы шығып жатқандарыңызды, не үшін екенін ойланып алған жөн, – деп жазды Есімханов.
Бұдан бөлек ол көпшілікті мәдени тұрғыда пікірталас жасауға шақырды. Ал мәдениетсіз тұрғыда жазылған жазбаларды бірден бұғаттайтынын ескертті.