Басты жаңалықтар

"Түсінбедім...": Камалетдинов қазақ тілде қойған сұраққа жауап бере алмай қалды

Сенат отырысында қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов ыңғайсыз жағдайда қалды

Сенат отырысында қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов ыңғайсыз жағдайда қалды. Ол сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қазақ тілінде қойған сұрағын түсінбеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бүгін Сенатта “аумақтық қорғаныс туралы” заң жобасы қаралды. Құжатты талқылау кезінде депутат Бауыржан Қаниев министрдің орынбасары Камалетдиновке еріктілер жасағы қалай құрылатынын сұрады.

Камалетдинов сұрақты түсінбей, не айтарын білмей кідіріп қалады. Осы кезде сұрақты орыс тілінде түсіндірген сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өзін аудармашы сезінгенін айтып, күледі.

Камалетдинов Қорғаныс министрлігінде еріктілердің арнайы есебі жүргізілмейтінін айтты. Себебі олар тек қажет болған жағдайда, өз еркімен келеді.

«Заң қабылданған соң, арнайы ереже дайындалады. Сол ереже арқылы ерікті жасақтарға басшылық ететін адамдарды дайындау тәртібі белгіленеді. Бірақ еріктілердің өздері бұл дайындыққа қатыспайды. Командирлер арнайы дайындықтан өтеді», — деді ол.

Министрдің орынбасарының айтуынша, командирлер әскери тәжірибесі бар азаматтар арасынан таңдалады.