Басты жаңалықтар

Алланың сотынан ешкім құтқара алмайды – Шерзат Полаттың әпкесі

Перизат Нұрымова іс топтық қылмыс емес, жеке-жеке қаралғанына қынжылды.

Талдықорған қаласында судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар сотталушыларға үкім оқыды. Жәбірленуші Перизат Нұрымова шикілік жіберген Айтбек Амангелдінің командасының іс қағаздарды кешіктіріп әрең бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz. сайтына сілтеме жасап.

Қоғам өретүрегеліп, мән берген елдегі ең атышулы қылмыстық істің нүктесі бүгін қойылды. Басты күдікті Абзал Шынасылға 23 жыл жаза тағайындалды. Равиль Сакиев 20 жыл, Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Шыңғыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі – 9 жыл, Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл, Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.

Перизат Нұрымова бұған дейінгі Айтым (Айтбек) Амангелді мен командасының істі кешіктіріп бергенін, шикіліктер болғанын және солардың кесірінен іс топтық қылмыс емес, бұзақылық деп жеке-жеке айыптау ретінде қаралғанын айтты.

«Айтым мырзаның командасы және тергеушілер комитетінің қателіктері өте көп. Сол себепті олар топтық қылмыс ретінде қаралмады. Мүмкін тергеу жүргізген тергеушілерге сондай бұзақылар ұнайтын шығар. Тағы да біреудің өміріне қауіп төнгенін қалап тұрған шығар. Қандай жағдай болмасын, уақытынан бұрын шықса да, Алланың сотынан ешкім құтқара алмайды» , — деді Перизат Нұрымова. 

Перизат Нұрымова Айтбек Амангелді мен оның адвокаттарынан істі сотқа 10 күн қалғанда әрең қолдарына алғандарын да жасырмады.

«Қазіргі біздің Мейірман мырзалар жинаған адвокаттармен сотқа 10-ақ күн қалғанда дайындалған процесте іс материалдарын алған болатынбыз. Оған дейін біз Айтымнан да, басқаларынан да ала алған жоқпыз. Соның өзінде де, бұл кісілерге қорқытулар болып, жолына тосқауыл қойылып болғысы келгеннің өзінде де біраз жерге бардық. Сот мырза да әділ шешім шығарды деп ойлаймын», — деді Перизат Нұрымова. 

Шикілік жібергені үшін, хабарламағандары үшін тергеу амалдарын жүргізген тергеу комитетінің және Алматы облысының прокуратурасы жауап беру керек екенін де қадап айтты.

«Сол кезде осы қазіргі қорғаушыларымыз болғанда бұл баптармен олар кетпес еді. Шикілік жібергені үшін, бізге хабарламағандары үшін тергеу амалдарын жүргізген тергеу комитетінің және Алматы облысының прокуратурасы жауап беру керек», — деді Перизат Нұрымова.