Қоғам

407 дрон, 44 ракета. Ресей Украина қалаларына шабуылдады

6 маусымға қараған түні Ресей Украинаға дрон-ракеталармен жаппай шабуылдады.

 Украина билігі "бұл - соғыс басталғалы жасалған ең ірі шабуылдардың бірі" дейді.

Украина әуе күштерінің айтуынша, Ресей Украинаның Киев, Чернигов, Волынск, Тернополь, Днепропетровск, Харьков, Львов, Хмельницк, Одесса, Николаев, Черкасск облыстарына шабуыл жасаған.

Украина әуе күштерінің спикері Юрий Игнаттың айтуынша, Реей 407 дрон мен 44 ракетамен шабуылдаған. Киев тарабы 30-дай ракетаны және 200-дей дронды атып түсіргенін айтады. Ресей ракеталарын Курск, Белгород және Воронеж облыстарынан жіберді дейді Украина тарабы.

Киев мэрі Виталий Кличко шабуылдан төрт адам қаза тапқанын, оның үшеуі құтқарушы екенін айтады. 20 адам жараланғаны да хабарланды. Шабуылға ұшыраған облыстарда үйлер, шаруашылық орындары бүлінген.

Ресеймен шекаралас Сумы облысында 5 маусым таңертеңнен бастап, 6 маусым таңға дейін 14 сағат бойы әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Облыс басшылығы 44 елдімекенге 110 рет шабуыл жасалды дейді. Шекара маңындағы елдімекендерден 308 адам эвакуацияланғаны айтылды.

Дереккөзі: azattyq.org