Қоғам

8 жасар қыз аяғынан айырылды: Астана әкімі автобус апатына қатысты пікір білдірді

Астана әкімі Жеңіс қасымбек зардап шеккен қыздың отбасына кһмек көрсетілетінін атап өтті.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек автобус қатысқан резонанстық жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді. Апат салдарынан 8 жастағы Алуа есімді қыздың екі аяғы кесілген болатын, - деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қасымбектің айтуынша, зардап шеккен қыздың отбасы баспанамен және қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі.

"Сақтандыру сомасы – шамамен 20 миллион теңге. Әкімдік тарапынан 10 миллион теңге бөлінді, қосымша тағы 10 миллион теңге беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ баспана мәселесін шешеміз. Ресми түрде мәлімдеймін: бұл отбасына пәтер беріледі", – деді әкім.

Апаттың себебіне қатысты сұраққа жауап берген әкім тергеудің аяқталуын күтуді сұрады.

"Кінәлілерді тергеу анықтайды. Бұл автобус жүргізушісінің тәжірибесі бар, ол осы салада және осы компанияда көптен бері жұмыс істеп келе жатқан адам. Қазір ол тергеу аясында ұсталды. Тағы да айтамын: тергеу аяқталған соң нақты себептер мен жауапкершілік деңгейі анықталады. Менің білуімше, бұл – жаңа автобустар", – деді Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, қалаға шамамен 700 жаңа автобус жеткізілген. Ол олардың сапасы жақсы екенін атап өтті.

"Автобустар кейде жол апатына ұшырап жатады. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар бұған дейін де болған. Бұл тек биылғы жылдың ерекшелігі емес – мұндай жағдайлар 10, 20, 30 жыл бұрын да орын алған. Бұл – жол қозғалысы. Сондықтан да жол жүру ережелері бар. Кез келген көлік құралының қозғалысы белгілі бір қауіптермен байланысты. Мұны түсінуіміз керек. Өкінішке қарай, осындай қайғылы жағдай болды. Тағы да қайталаймын: тергеу аяқталған соң кінәлілер жауапкершілікке тартылады", – деді ол.

Еске салайық, Астанада автобус жол бойындағы бағанаға соғылған болатын. Жол-көлік оқиғасы Республика даңғылында болған. Оқиға салдарынан 10 адамның зардап шеккені хабарланды. Олар елорданың түрлі стационарларына жеткізілген. Екі адам Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылды. Апат сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған: видеода автобус Республика даңғылымен баяу жүріп келе жатып, бағанаға соғылғаны көрінеді.