Ресейлік танымал продюсер Америкада даяшы болып жүрген қазақстандық әншіге қолдау көрсетті (ВИДЕО)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 14:45
- 160

Ресейлік танымал жұлдыздардың жарқырауына үлесін қосқан белгілі продюсер Арутюн Таманянды қазақстандық әнші мейрамханада кездестірген. Даяшы болып жүрген Айдана Байтұрсынова продюсермен сөйлесіп, әңгіме арасында өзінің әнді сүйіп орындайтынын айтып үлгерген. Лос-Анджелесте жүрген продюсер бірден қызығушылық танытып, Байтұрсыновадан қандай әндер орындайтынын сұраған. Қазақстандық әнші еш қысылмай әнін орындаған. Оны мейрамхана қонақтарына да тыңдатқан. Айдананың әнін тыңдаған продюсер оны ондаған мың оқырманы бар парақшасына жүктеп, " тіпті жаман емес, тамаша" деген бағасын берді.
Продюсердің қазақстандық оқырмандары бірден мұны байқап, Лос-Анджелесте даяшы болып жүрген әнші қыз жайлы көптеген сұрақтар қойған. Көпшілік Айдана Байтұрсынованы әншілігіне қарағанда журналист ретінде таниды екен.
KYN.KZ тілшісі экс-әріптесіне хабарласып, көпшіліктің сұрағына жауап алған еді.
"Ия, мен Қазақстанда он жылдан астам уақыт "Евразия Бірінші" арнасында еңбек еттім. Шоу бағдарламалардан бастап, мәселелі сюжеттер, күнделікті жаңалықтарда жұмыс істеп жүрдім. Әншілік бала күннен бергі арманым, журналист кездегі хоббиім. Қазір Green Card арқылы Лос-Анджелес қаласына келгеніме 2 жылдан асты. Мұнда алғашында тілім машықтанғанша түрлі қара жұмыстар істедім. Қазір де бірнеше жерде еңбек етемін. Осында еңбек етіп тапқан ақшама елде авторлық әндерімді жазып, тіпті бейнебаян түсіріп алдым. Ал мені қолдап, әніме жақсы бағасын берген ресейлік продюсерге алғыстан басқа айтарым жоқ",-деді Айдана Байтұрсынова.
Fargo лақап атымен танымал Арутюн Таманян әлемге белгілі Тимати, Дима Билан, Ольга Бузова, Эрика сынды белгілі өнер адамдарымен жұмыс істеген. Ол өзі композитор, музыкант, продюсер әрі DJ.