«Бізге ол мүмкіндік берілмеді»: Айтбек Амангелдінің адвокаттары тосын мәлімдеме жасады (Видео)
Айтбек Амангелді бастаған адвокаттар өздерінің уәждерін жеткізді
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің адвокаттары тосын мәлімдеме жасады. Олар Перизат Нұрымованың өздеріне қатысты айтқан пікірімен келіспейтіндерін жеткізді, деп хабаралайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алғашқыда Шерзат Полаттың отбасының мүддесін Айтбек Амангелді бастаған топ Саида Таукелова, Карина Көшербаева, Ерлан Адаев және Асылбек Әбдірайымов сынды тәжірибелі адвокаттар қорғады. Алайда, сот басталар алдында Нұрымовтар отбасы бұл адвокаттардан бас тартты. Адвокаттар Назымгүл Күміспаеваның YouTube арнасында сұхбат берді.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот үкімі шыққаннан кейін, марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова "адамдар тобы болып кісі өлтіру" бабы бойынша қаралмағанын айтқан болатын. Ол мұндай шешім жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған адвокаттардың әрекеті екенін жеткізді.
Адвокаттардың айтуынша, күдіктілерге нақты айып тағу үшін сот-медициналық сараптама нәтижесі қажет болған. Саида Таукелованың мұндай сараптама кемінде 40 күн ішінде дайын болатынын жеткізді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс материалдарының көп бөлігі тергеу аяқталғанша құпия саналады.
«Бір адам ғана кісі өлтірген. Қалғандары бұзақылық әрекеттер жасаған. Пышақ салу – адам өлтіру ниетімен жасалған іс. Басқалары жұдырықпен немесе басқа затпен ұрған. Сондықтан оларды дәл сондай ауыр айыппен жауапқа тарту заңсыз болар еді», - дейді Асылбек Әбдірайымов.
Перизат Нұрымова бұл баптың қолданылмауын алғашқы адвокаттар жұмысының олқылығы деген еді. Алайда, Карина Көшербаева бұл кейін қосылған қорғаушылардан болғанын алға тартты.
«Егер Қаржаубай (Шерзаттың әкесі) бізбен танысу сатысында бірге жұмыс істегенде, біз құқықтық саралау өзгерістеріне қатысты нақты стратегия құрып, прокуратураға қарсы уәж білдіре алатын едік. Алайда, бізге ол мүмкіндік берілмеді», - деді Карина Көшербаева.