Қоғам

«Тірі қалғаныма сене алмаймын»: Үндістандағы ұшақ апатынан аман қалған жалғыз жолаушы оқиға қалай болғанын айтты

Әуе апатынан аман қалған жолаушы өзінің қандай күйде болғанын айтты

Үндістанның Ахмедабад қаласындағы әуе апатынан аман қалған жалғыз жолаушы басынан өткенін баяндады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Hindustan Times басылымына сілтеме жасап.

Air India әуе компаниясының Ахмедабад–Лондон бағыты бойынша ұшып шыққан ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 242 адамның барлығы дерлік қаза тапқан еді. Тек Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш аман қалған.

Жергілікті полиция мәліметінше, Рамеш ұшақтағы 11A орнында отырған. Ол апаттан кейін отбасына хабарласып, тірі екенін растаған.

«Ұшақ көтеріле бастағанда алғашқы 5-10 секунд ішінде әуеде қатып қалғандай сезілді. Кенет шамдар жыпылықтап, ұшақ бір ғимаратқа соғылды. Мен әлі күнге дейін тірі қалғаныма сене алмаймын. Бір сәтке мен де өлемін деп ойладым. Қалай аман қалғанымды білмеймін. Көз алдымда адамдар көз жұмып жатты. Қатты қорықтым, орнымнан тұрып, жүгіре жөнелдім. Айналамда ұшақтың сынықтары жатты. Біреу мені ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді», - деді Рамеш.