Қоғам

«Сол жақта жұмыс істеп, ақшасын төлесе»: Абзал Шынасылдың анасы 60 млн теңгені төлей алмайтынын айтты

Шерзат ісі бойынша басты айыпталушының анасы қаржылай жағдайы айтарлықтай нашар екенін айтты.

Шерзат Полат ісі бойынша басты айыпталушы 23 жылға сотталған Абзал Шынасылдың анасы Ақбота Есбергенова сот үкімімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ол бұл туралы «Ел дауысы» бағдарламасына берген сұхбатында айтып, қазіргі жағдайын жеткізді.

«Балама көп жыл берді. Оған келіспеймін. Өз істегенін айтты, мойындады. Сол ісімен жазалап отыр. Басқа ешнәрсе істеген жоқпын деді.

Қазір менің де жағдайым жоқ. 60 млн теңге сұрап отыр. Өкінішті, қиын болып тұр. Сол жақта жұмыс істеп, өтеп, ақшасын төлесе. 60 млн теңгені төлей алмаймыз. Оған үйім де жоқ, оны төлейтін. Жағдайым да жоқ.

Осы соттың өзіне де қиналып кеттік, екі ай шапқылап. Екі ай жұмыссыз қалдым», - дейді Ақбота Есбергенова.

Сонымен қатар ол ұлына 23 емес 15 жыл беруі керек екенін айтты.

«Ұлым кінәлі ғой. Өзі де жартылай кінәлімін деп отыр. Кінәсін мойындады. Заңды білмеймін ғой. Бірақ ең болмағанда 15 жыл болуы керек еді. 23 жыл тым көп болып кетті», - деді Абзал Шынасылдың анасы.

Еске салсақ, сот үкімі бойынша күдіктілер 7 жылдан 23 жылға дейінгі аралықта сотталды.

Қылмыстық істің басты фигуранты  Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.