Астанадағы автобус апаты: екі аяғынан айырылған қыз ауруханадан шығарылды
Астанадағы автобус апатынан зардап шеккен қыз ауруханадан шыққан соң, оңалту курсынан өтеді
Астанадағы автобус апатынан екі аяғынан айырылған қыз ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты.
Ол апаттан зардап шеккен барлық адамға медициналық көмек көрсетілгенін жеткізді.
"Жарақаттанғандардың барлығына уақтылы жедел медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 8 жастағы бала да бар. Бала бүгін ауруханадан шығарылды. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілді", – деді вице-министр.
Сонымен қатар 8 жасар Алуа оңалту курсынан тұрғылықты жері бойынша өтетін болды.
"Өкінішке қарай, аяғын ампутациялауға тура келгенін бәріміз білеміз. Бұл оны құтқарып қалу үшін істелді. Оңалтуға келсек, бала Ақмола облысындағы тұрғылықты жеріндегі емханаға тіркелген. Емхана қазірдің өзінде жеке оңалту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Операциядан кейінгі жағдайы жазылса, біз толыққанды баланы оңалтумен айналысамыз", – деді Тимур Мұратов.